Өзгелерге үлгі болатын тәжірибе - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда тамыздың 6-сында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

 

***

«Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Жапонияның еліміздегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Синео Нацуи мырзаны қабылдады. Тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың бүгінгі ахуалы мен келешегі жөнінде әңгіме өрбітті», деп жазады «Айқын» газеті.

***

«Өзгелерге үлгі болатын тәжірибе». Осы тақырыппен «Айқын» газетінде жарық көрген мақалада ресейлік сарапшылардың Қазақстанның дағдарысқа қарсы жоспарын ТМД-дағы үздік бағдарлама деп танығаны және олардың айтқан пікірлері жарияланған. Солардың бірі «ФБК» компаниясының экономикалық сарапшысы Игорь Николаевтың айтуына қарағанда, Қазақстанның дағдарысқа қарсы бағдарламасында қаржы саласын тұрақтандыруға баса мән берілген, әрі бағдарлама баршаға түсінікті, жан-жақты ойластырылғанымен ерекшеленеді.

***

Саяси шешімдер институтының бас директоры Бақытжамал Бектұрғанованың осы басылымға берген сұхбаты «Күз әдеттегідей «ыстық» болмақ» деген атаумен берілген. Әңгімеге Қазақстандағы саяси жағдай, партиялар, еліміздің ЕҚЫҰ-ға төраға болуы сияқты өзекті мәселелер төңірегінде өрбіген.

***

«Шымкент қаласының іргесінен «Асар» атты әдемі бір жаңа мөлтекаудан мөлдіреп бой түзеп келеді. Өзбек елінен тарихи Отанға  ат басын бұрған бауырлар тақыр жерден тамаша аудан тұрғызып жатыр. Ол - бүтін бір елді мекенді қалыптастырып қоймай, сол жердің әлеуетін де әлдендіретін еліміздегі алғашқы әлеуметтік жоба болмақ», делінген «Ұлттық жобаға сұранып тұр» атты мақалада. «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша жүзеге асып жатқан жоба туралы  «Айқын» газетінің бүгінгі санынан оқи аласыздар.

***

«Қазақ елінің қорғаны мен қуаты». Осы тақырыппен «Астана ақшамы» газетінде алда келе жатқан Конституция күнінде өтетін әскери шерудің дайындық барысына арналған көлемді мақала жарық көрді. «Бұл жолы тұңғыш рет еліміздің астанасында, қазақ елінің бас қаласында тамыздың 30-ы - Конституция күніне арналған шеру өтеді. Және бұл ел айбынын асқақтатқан алып Тудың астында алғашқы болып ант берген әскери сарбаздардың қатысуымен болады. Бүгінде Астанада тұңғыш рет жүзеге асқалы отырған әскери шеруге қызу дайындық жұмыстары жалғасуда», дейді тілші.

***

Шығыстанушы, филология ғылымының докторы, профессор, М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценті Ислам Жеменеймен «Нұр Астана» апталығының өткен санында жарияланған сұхбаттың жалғасы «Ұлттық мүдде жоғалған жерде тонау оңай болады» деген тақырыппен жарық көрген. «Жойылып бара жатқан тілдердің проблемасына арналған Сібірде болған бір конференцияға қатыстым. Барарда «қазақ тілінде баяндама жасаймын, тыңдасаңыздар барамын» дегенді айттым. Олар қабылдады. Менің сөзімнен кейін соң алтай, хакас сынды халықтың өкілдері «70 жыл жүрегімізде тұрған сөзді айттыңыз» деп риза болды», дейді ғалым.

***

«Қазақ пен ноғай тарих сахнасына бір мезгілде шығып, ықылым замандардан бері бірге өрбіп, біте қайнасып келеді. Бірде ноғайды қазақтың қалыбына салып айтса, енді бірде ноғай деп сипаттағаны қазақтың дәл өзі. Қазақ дегеннен ноғай ұтылмайды, аты аталмаса да, қазіргі қазақ руларының негізіндегі бұрынғы ел-тайпаларды ноғай деп айтқаннан қазақ ештеңе жоғалтпайды. Қайта шежіресін байытып, түбі бірлігін, түпсіз терең тарихын әйгілейді», дейді «Нұр Астана» апталығының тілшісі. Мақалада тарих ғылымының докторы, профессор Бүркіт Аяғанның, философия ғылымының кандидаты Сайран Әбушәріптің, Астана қаласы кіші ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Әміржан Әлпейісовтың пікірлері берілген.