Өзгенің перзентін бөтен көрмеген – қазақтың 3 баласын асырап алған отбасы жайлы
Медицина саласын таңдады
Екатерина Тарбағатай ауданының тумасы. Қазір Ақжар ауылында тұрады. Ол үшін отбасыдан асатын құндылық жоқ.
– Шаңырақта бесеу едік, мен екіншісімін. Сегізінші сыныпқа дейін туған ауылымда оқыдым, сосын мамандық алу үшін бір жаққа кету керек болды. Құрбыларыммен медицина саласын таңдадық, - дейді ол.
Сөйтіп он бес жастағы қыз Алтай ауданындағы медучилищеге құжат тапсырды. Үш жыл оқып шыққан соң жолдама негізінде Батыс Қазақстандағы Шевченко қаласына табан тіреген. Сол өлкеде үш жылдай жұмыс істеді.
Содан кейін туған жерге қайта оралды. Бала күнінен таныс жанға тұрмысқа шықты. Михаил мен Екатерина өмірге екі ұл әкелді. Тетелес туған Василий мен Володя бесінші-алтыншы сыныпта оқып жүргенде ауылға Солтүстік Қазақстаннан үш ағайынды бала көшіп келді. Аналары өмірден қайтқан олардың әкесі үш ұлымен кіндік қаны тамған Ақжар ауылына қайта қоныстанған.
– Бірде ұлым Володя: «Мама, Марат сыныптасымды қонаққа шақырсам бола ма? Моншаға да түсіп алсын» деп сұрады. Мен қарсы емес едім, «Келсін, әрине!» деп келісім бердім, – дейді Екатерина Алексеевна.
Содан Володя: «Марат біздікінде түнеп шықса бола ма?» деп тағы бір сұрапты. Анасы қабақ шытпай, рұқсатын берген. Ана махаббатына мұқтаж балаға жаны ашыған. Мараттан кейін ағасы Азамат келді. Аз уақыттан соң Агапитовтардың жанұясын үйдің үлкені Қайрат келіп толтырды. Екі інісі біржола көшіп келетін болып, тек Қайрат аздаған уақыт әкесінің жанында қалды. Алайда әкелері ішімдікке үйірсектенген соң тұңғыш ұл да Агапитовтардың отбасына келген.
Миша ағай мен Катя апай
– Жолдасым екеуіміз ұлдарға: «Бізді ана, әке деп атаудың қажеті жоқ» деп бірден айттық. Оларға өмір сыйлаған өз ата-анасы бар, азан шақырып ат қойып, тал бесіктен тәрбие берген де солар. Үлкенді тыңдап, бір-бірлеріне қолұшын беруге үйреткен аналарының керемет жан болғандығына күмәнім жоқ. Ажал келіп алып кетпегенде үшеуін де азамат қылып өсіріп-жеткізер ме еді? Қысқасы, ұлдар мені «Катя апай», кейде жай ғана «апай», жұбайымды «ағай», «Миша ағай» деп жүрді. Осылай дегендері орынды болған сияқты, – дейді Екатерина.
Құшағы кең ана үшеуіне ұдайы «ұлдарым менің» дейді. Жарық дүниеге өзі әкелмегенімен, туғанындай болып кеткен. «Мынау біздің бала, бұлар бөтен» деп бөле-жармады.
– Жасыратыны жоқ, тәрбиеге келгенде қатал болдық. Жұбайым «алған затыңды орнына қой» деп тәртіпке үйретіп, ер азаматтың икемі келер жұмыстың барлығына баулыды. Шаруаға келгенде ешбірі тиіп-қашпады. Үйдегі жағдайдың қиын екендігін олар да ұғынды. Отбасында бір өзім жұмыс істедім. Мен дәріханадамын, отағасы ауылдың күйбеңімен нәпақа тауып жүрді. Мал бақпасақ күн кешуіміз неғайбыл еді. Шөп шабу науқанында ұлдар нағыз қолқанат. Жұмыстан кешігіп жатсам, сиырды өздері сауатын, - дейді ол.
Бірде Қайратқа әкесі үш ұлына бірдей қонып кетсін деп өтінген.
- Соны айтып, менен рұқсат сұрады. Інілерінің барғылары жоқ. «Бас тартпаңдар, балалары келсін деп өтінген екен демек қалауы сол болған» деп түсіндіріп бақтым. Сонда да бармаймыз деп қасарысты. Бәрін естіп-біліп тұрған жұбайым да «Барыңдар, әкелерің ғой. Ертең қайтып келесіңдер» деді, - дейді Екатерина Агапитова.
Келесі күні көңілін үрей шалған Қайрат қана оралған. Сөйтсе Азамат пен Маратты Балалар үйіне алып кетіпті. Ересек, әрі жарты жылдан соң 18-ге толатындықтан өзін әкетпеген.
- Жан-жақтан көмек іздеп, жанымды қоярға жер таппадым. Ауыл әкімдігінен бастап қамқорлыққа алу бөліміне дейін есігін қақтым. Десе де құжат жүзінде біз ұлдарға ешкім болмағандықтан, бәрі бекер болды, - дейді әйел.
Азамат пен Маратты Көкпекті ауданындағы Балалар үйіне ресімдеген екен. Жолдасы екеуі бұны білгенде бірден сонда тартты.
- Ұлдар бізді көре сала еңкілдеп жылап жіберді. Аяушылықтан жүрегім қарс айырылығандай… Сондағы меңгерушімен сөйлесіп көріп едім, түк шықпады: қолымдағы тиісті ешбір құжат жоқ, сол себепті алып кетуге рұқсат бермеді. Содан мейілінше жиі жүздесіп тұрдық. Келген сайын киім-кешек пен тәттілер әкелеміз. Каникул кезінде қолхат жаздырып оларды үйге алып кетуге рұқсат берді. Сөйтіп, Балалар үйіндегі екі жыл да сынаптай сырғып өтті. Тоғызыншы сыныпты тәмамдаған соң Марат пен Азамат Самардағы колледжге түсті, - дейді Екатерина.
Бірінен соң бірі үйленді
Самардағы училищеде оқып жүріп Марат бір бұрымдымен көңіл қосты.
– Гүлфияның биязы мінезін ұнаттым. «Бірге тұрғыларың келсе, қарсылығым жоқ» дегенім бар. Бірақ бала-шағаларың ажырасу мен Балалар үйі туралы естімейтін болсын, – деді Екатерина Алексеевна.
Осыдан соң екі жастың некесі қиылып, көрші-қолаң келіп дастархан басында ақжарма лебіздерін білдірді.
– Сосын үлкенім Қайрат шанырақ көтерді. Жұбайы Настя да сондай жақсы қыз. Артынша Азамат Аленаға, Вася Майяға үйленді. Қай келінімді алсам да жолым болды, өзгелерге де соны нәсіп етсін. Әзірге Володям бойдақ, - дейді әйел.
Осылайша, ерлі-зайыпты бес ұлды қатардан қалдырмай жеткізген. Ащы суды ешбірі татып алмаған, шылым да шекпейді. Үй шаруасына келгенде тап-тұйнақтай, бала кездерінен Михаил Агапитовтың «алған затты орындарына қойыңдар» дегенін бір сәт естен шығармаған.
Екі тілде еркін сөйлейді
Екатерина Агапитова қазір Ақжар ауылындағы фтизиопульмонология орталығында жұмыс істейді. Науқастармен қазақ, орыс тілінде еркін сөйлеседі.
– Біріншіден, ғұмыр бойы Тарбағатай ауданында тұрдым, екіншіден, отбасымның өзі интернационалды ғой. Туған ұлдарым да қазақшаға ағып тұр. Одан қалса, Қайрат, Марат, Азамат, Васяның жанұясы екі ұлттың байланысынан ұштасты, - дейді Екатерина Агапитова.