Өзін өртемек болған прокурордың көмекшісі 7,5 жылға сотталуы мүмкін

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда өзін-өзі жағып жібермек болған облыс прокурорының көмекшісі Лейла Смадьярова 7,5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Соттан Смадьярованы жеті жарым жылға бас бостандығынан айыруды және жазасын өтеуді кәмелетке толмаған баласы 14 жасқа толғанға дейін кейінге шегеруді сұраймын», - деді сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Еңсегенов.

Сот отырысы жалғасуда.

Еске салайық, 2017 жылдың 31 қаңтары күні Лейла Смадьярова өзін-өзі өртеп жіберуге әрекет жасады . Оның беті мен аяғын күйік шалды. Дәрігерлер әйелдің өміріне қауіптің жоқтығын айтты.

Кейін Атырау облысының прокуратурасы өз қызметкерлерінің бұл әрекетіне түсініктеме берді.

Лейла Смадьярова 2016 жылдың тамызында үй қамаққа алынған болатын. Оған 3 млн теңге көлемінде пара алды деген айып тағылған. Смадьярова болса, өзіне тағылған айыппен келіспеуде.