«Өзін-өзі тану» бағдарламасын іс-тәжірибеден өткізу жұмысы аяқталды

АСТАНА. Қазанның 19-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Биыл 9 жылға созылған «Өзін-өзі тану» бағдарламасын іс-тәжірибеден өткізу жұмысы аяқталды. Бұл туралы бүгін Астанада өтіп жатқан Бүкіләлемдік рухани мәдіниет форумы аясында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махмедқали Сарыбеков мәлім етті.

Оның айтуынша, соңғы 9 жыл бойы оқу-тәжірибелік ошақтарда «Өзін-өзі тану» бағдарламасын іс-тәжірибеден өткізу жұмысы жүргізілді. Биыл ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен «Өзін-өзі тану» пәні еліміздің барлық орта білім беру ошақтарына енгізілді. «Олардың ішінде 7 525 мектеп бар. Сондай-ақ 850 колледж бен 146 жоғары оқу орнында аталған курс бөлек пән ретінде оқыту бағдарламасына енгізілді», - дейді М.Сарыбеков.

Вице-министр атап көрсеткендей, биыл «Әлеуметтік психология және өзін-өзі тану» мамандығы ашылып, республикалық бюджеттен 300 білім беру гранты бөлінді. Көптеген оқытушы-мамандар «Бөбек» қорының негізінде қайта даярлау курстарынан өтіп, арнайы оқулықтар мен оқу құралдары шығарылды.