Өзін-өзі жұмыспен қамту: Қазақстан мен Польшаны салыстыруға бола ма

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты жағдай бойынша түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жұмыспен қамтылған халықтың саны 2010 жылдан бастап 6 пайызға өсіп, 2017 жылдың қорытындысы бойынша 8,6 млн адамды құрады. Бұл ретте, жалдамалы жұмыскерлердің саны 1 077 адамға өсіп, 6,5 млн адамды құрады. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың саны 606 мың адамға қысқарып, 2,1 млн болды. Жалпы, соңғы 10 жылда өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың  саны 35-тен 24 пайызға дейін төмендеді, оны  Оңтүстік Корея (25%) және Польша (21%) сияқты мемлекеттермен салыстыруға болады», - деді министр Мәжілістегі жұмыспен қамту мәселелеріне арналған парламенттік тыңдауда.

Сонымен қатар, бейресми жұмыспен қамту көрсеткіші 37-ден 16  пайызға, яғни екі есеге дейін қысқарды.

«Бұл тұрғыда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар қатарында жұмыс берушілер және жеке кәсіпкерлер ретінде өнімді жұмыспен қамтылғандардың үлесі 1,5 миллионға өсті. Сонымен бірге, жұмыспен қамту құрылымында төмен өнімділік саладан жоғары өнімділік  салаға жұмыскерлердің ауысуымен байланысты сапалы өзгерістер болды», - деп түсіндірді Әбілқасымова.

Белгілі болғандай, ауыл шаруашылығында жұмыспен қамтылғандардың саны 1,2 млн адамға дейін, шамамен екі есеге қысқарды. Жұмыскерлер өнеркәсіптің өндіруші салаларына және қызмет көрсету саласына ауысты. Жұмыспен қамту ақпараттық-коммуникациялық технологияларда - 52 пайызға, туризмде - 75 пайызға, әлеуметтік салада  үштен бір бөлігінен астам көрсеткішке  өсті. Нәтижесінде, экономикада еңбек өнімділігі 2,2 есеге жоғарылады.