Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар мардымсыз зейнетақы алып, медициналық қызметтен қағылуы мүмкін
Дүйсенованың атап өтуінше, өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың зейнетақы жинағына қатысты проблема бар. «Бұл ретте сіздердің назарларыңызды өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 2013 жылдан бері оң нәтиже көрсете бастағандығын айтқым келеді. Салық комитетінде тіркелгендердің 31 пайызы сол жылы зейнетақы жарнасын төледі. 2016 жылы бұл сан 40 пайызға жетіп, жарна сомасы бір жылда 38,7 млрд. теңгеге жетті. Дегенмен, оқтын-оқтын проблемалар туындап отырады. Олар салық заңнамасына сәйкес 4 рет аударым жасайды», - деді министр.
Дегенмен, оның сөзіне қарағанда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында проблемалы топтар да бар.
«Өнімсіз өзін-өзі жмұыспен қамтығандар» деп аталатын тағы бір топ бар. Біз ол жайында үнемі айтып келеміз. Егер осы топ қатыспайтын болса, онда олар зейнетақының бір түрі - базалық зейнетақы ғана алады. Алдағы уақытта бізді ынтымақты емес жинақтаушы жүйесінен зейнетақының үлкен көлемі күтетіндігін ескерсек, онда қазірден бастап бізге бұл санаттағы халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесіне және алдағы уақытта іске қосылатын медициналық сақтандыру жүйесіне тарту жұмыстарын жандандыруымыз қажет», - деді Тамара Дүйсенова.
Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 10 наурызына дейін Еңбек министрлігі жергілікті атқарушы органдар тарапынан бүгінгі таңда әлеуметтік төлемдер алып отырған адамдардың саны, зейнетақы жарнасын төлеушілер және зейнетақы жүйесіне қатыспаушылар туралы нақты ақпарат алатын болады.
«Бұл адамдармен жеке-жеке жұмыс істеу қажет. Қажет болған жағдайда оларды Жұмыспен қамту орталықтарында тіркеген жөн. Оларға жұмыссыз немесе өнімсіз жұмыспен қамтылғандар санатын беріп, жұмыспен қамту бағдарламасы аясында қолдау көрсету керек», - деді министр.