Өзінің уақытын бағалайтын әрбір қазақстандықтың электронды сандық қолтаңбасы болуы керек - Асқар Жұмағалиев

АЛМАТЫ. 19 қараша. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Елімізде сандық қолтаңба беріле бастады. Бүгін Алматыдағы "Мега Алматы" ОСО-да «NON-STOP ЭСҚ» акциясы өткізіліп, қазақстандықтарды жаппай сандық электронды қолтаңба алуға шақырды.

Шараның басталуын ҚР Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев бейнебайланыс арқылы ресми түрде жариялады.

Оның айтуынша, шараның басты мақсаты - электронды үкіметтің интерактивті қызметін насихаттау. "Бүгінде электронды үкіметтің порталы арқылы 60 түрлі интерактивті және 1 мыңнан астам ақпараттық қызметтер ұсынылған. Бұл қызмет қазір тұрғындар тарапынан қызу сұранысқа ие. Бұған дейін 1 миллионнан астам анықтамалар берілді. Менің ойымша, бұл болашақта өседі. Қазіргі таңда еліміздің 230 мың тұрғыны электронды сандық қолтаңбаны алып та үлгерді. Өзінің уақытын бағалайтын әрбір қазақстандықтың электронды цифрлық қолтаңбасы болуы керек. Өйткені, электронды сандық қолтаңба интернет арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік береді ",- деп атап өтті министр.

Естеріңізге сала кетейік, акцияға тілек білдіруші кез келген қазақстандық қатыса алады. Бүгіннен бастап 16 желтоқсанға дейін «Мега-Алматы» және «Мега-Астана» сауда ойын-сауық орталықтарында арнайы операторлар қызмет көрсетеді. Бұнда әрбір қазақстандық төлқұжатын алып келіп, бес минуттың ішінде электронды цифрлық қолтаңба ала алады.