«Өзіңнен баста, шенеунік!» акциясы шеңберінде мемлекеттік бюджет 1,5 млн астам теңгеге толықты

АСТАНА.  5 қыркүйек. ҚазАқпарат -  Ағымдағы жылдың 2 тамызында басталған «Өзіңнен баста, шенеунік!» акциясы шеңберіндегі әкімшілік айыппұлдарды өндіру жөніндегі жұмыстар нәтижесінде мемлекеттік бюджет 1,5 млн астам теңгеге толықты.

Сондай-ақ Астананың бір мемлекеттік қызметшісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Астана қаласы прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.

Тоқтала кететін жайт, өткен жарты жылда елордада 68 326 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 1 360 064 466 теңге сомасында айыппұл салынған, оның тек 470 396 874 теңгесі немесе 34,5 пайызы ғана өндірілген. Бұл ретте Астана қаласының прокуратурасы әкімшілік айыппұлдарды төлемей жүргендердің «портретін» анықтау барысында әкімшілік жауапкершілікке тартылған және айыппұл төлеуден жалтарып жүргендердің 2 000-ы мемлекеттік қызметші екені белгілі болды. Ал аталған акция шеңберінде бірқатар мемлекеттік мекемелердің басшыларына заң бұзушылықты жою туралы ұсыныс енгізіліп, ведомстволардың мемлекеттік қызметшілерімен берешектерін өз еріктерімен өтеу туралы құқық түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бірлескен іс-шаралар жүргізу жоспарына сәйкес сот орындаушыларының, жол полициясы қызметкерлерінің, учаскелік инспекторлар, салық қызметі, әділет органдары мен басқа да мүдделі органдар қызметкерлерінің қатысуымен астананың мемлекеттік мекемелерінде рейдтер өтті.