Өзін әскери комиссариат қызметкері ретінде таныстырған астаналық 10 тәулікке қамалды

АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өзін әскери комиссариат қызметкері ретінде таныстырып, әлеуметтік эксперимент жүргізген азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Фото: Kazinform

Астаналық соттың мәліметінше, азамат Ә.-ге қатысты ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қаралды.

Оқиға Астана қаласындағы Есіл өзенінің жағалауында болған. Ер адам қоғамдық орында өзін әскери комиссариат қызметкері ретінде таныстырып, жас жігіттің өміріне қауіп төндіретін әрекеттер жасаған. Кейін оқиғаның видеосы Instagram әлеуметтік желісінде жарияланды.

– Сот талқылауы барысында азаматтың кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, өзінің кінәсін мойындаған түсініктемесімен, полиция қызметкерінің баянатымен, интернет желісінде жарияланған бейнежазбамен және іс материалдарымен толық дәлелденді, – делінген сот хабарламасында.

ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салу, 20-дан 60 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған.

Сот жаза тағайындау кезінде құқық бұзушының кінәсін толық мойындауын және құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сонымен қатар сот әрекеттің қоғамдық орында жасалғанын, әлеуметтік желіде таралғанын, әлеуметтік экспериментке кәмелетке толмаған адамның қатыстырылғанын және қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төнгенін назарға алды.

Сот қаулысымен азамат Ә. кінәлі деп танылып, оған 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, Ақтөбеде сарбаздың қабырғасын сындырған әскери қызметші сотталды.