Өзін блогермін деп таныстырған ақтөбелік бірнеше адамды алдап соқты

Фото: СҚО ПД

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ол жұмысқа орналастыруға, жүргізуші куәлігін алып беруге және мемлекеттік сатып алу кезінде жеңіп шығуға уәде еткен. Шығын 10 млн теңгеден асты. 

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының 35 жастағы тұрғыны ұсталды. Ауданның бірнеше тұрғыны алданып қалып, арыз түсірген.

— Өзін блогер ретінде таныстырған тұрғын 2024 жылдың соңында төрт адамды алдап, ақшасын иемденіп алған. Күдікті жәбірленушілердің біріне балабақшаға жұмысқа орналастыруды, екіншісіне жүргізуші куәлігін алуға жәрдемдесуді, сондай-ақ тендерді «жеңіп беруді» уәде еткен. Төрт жәбірленушіге келтірген жалпы шығын 10 млн теңгеден асты. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Осы азаматтың заңсыз әрекетінен зардап шеккен адамдар Мұғалжар аудандық полиция бөліміне хабарласа алады, — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағамбетов ұсталған күдіктінің биыл наурыз айында ғана қоғамдық кеңеске мүше болғанын растады.

Еске салсақ, Ақтөбеде кәсіпкерді бопсалаған күдікті ұсталды. Күдікті 7 млн теңге сұрап, 2 млн теңге алып жатқан жерінен қолға түсті. Ол бұрын сотталған адам болып шықты.