Өзін блогермін деп таныстырған ақтөбелік сотталды

Фото: pexels.com

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Жұмысқа орналастырамын, алкоголь сатуға рұқсат алып беремін және құжаттарды реттеуге көмектемесін деп сенімге кірген. Блогерге 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.

Мұғалжар аудандық сотында Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы, яғни алаяқтық бабымен айыпталған блогердің ісі қаралды. Іс материалына сүйенсек, сотталушы 2023 жылдың тамыз айында Қандыағаш қаласында орналасқан азық-түлік дүкенінің иесімен танысып, өзінің қоғам белсендісі екенін айтады. Сөйтіп сағат 23:00–ден кейін де алкоголь өнімдерін сатуға рұқсат алып беретінін айтып, қызметі үшін 1 млн теңге алған. Сонымен бірге көлік жуу қызметінің иесіне жүргізуші куәлігін қалпына келтіру қызметін ұсынып, 257 000 теңге сұрады. Тағы бір адамды жұмысқа орналастыратын айтып, 450 000 теңге алды. 

— Қандыағаш қаласында орналасқан саябақ пен скверді күтіп ұстау жұмысы бойынша ашық конкурс жеңімпаз деп танылған Н.-нің конкурстық құжатамасы біліктілік талаптарға сай келмеген. Соған қарамастан «бәрін реттеп беремін» деп уәде беріп, 1 000 000 теңге иемденген. Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындады. Сот үкіммен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Жәбірленушілерге келтірілген материалдық залал толығымен өтелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Еске салсақ, сотталушы биыл наурыз айында ғана қоғамдық кеңеске мүше болған.