Ozon сатушыларға тауарларын Алматы мен Астанадағы қоймаларда сақтауды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Ozon маркетплейсі сатушыларға тауарларын Алматы мен Астанадағы қоймаларына орналастыруды ұсынды. Компания Ресейдегі сатып алушыларға тапсырыстарды Қазақстан қалаларынан жеткізуге ниетті.

Фото: Kazinform

Бұл туралы маркетплейс Telegram-арнасында хабарлады.

— Сатушыларды тауарларын Алматы мен Астанадағы нысандарымызға орналастыруға шақырамыз. Ол жерден Ресейдегі тұтынушыларға тапсырыстарды еш қиындықсыз жеткіземіз. Сонымен қатар, Ozon-ның жергілікті сатып алушылары үшін жеткізу мерзімі жылдамдап, Қазақстан мен Қырғызстандағы сатылымдар да өседі, — делінген хабарламада.

30 қыркүйекке дейін Ozon Алматы мен Астанаға тауар жеткізу үшін жеке тасымалдау ақысын алмайды.

Одан бөлек, компания жеткізілетін тауар көлеміне шектеу қойылмайтынын мәлімдеді. Демек, сатушылар Қазақстандағы логистикалық орталықтарда қалаған көлемде тауар сақтай алады. Қоймалар Ресей мен Қазақстандағы сатып алушыларға жеткізуге болатын ірі габаритті тауарларды да қабылдайды.

Алматы мен Астанаға тауар жеткізу үшін қосымша құжаттар қажет емес. Сатушылар жеткізуге өтінімді әдеттегі тәртіппен рәсімдеп, Қазақстандағы тиісті кластерлерді таңдауы керек.

Еске салайық, биыл тамыз айының соңында дрондар Ресейдің бірқатар өңіріндегі Ozon-ның логистикалық нысандарына шабуыл жасаған болатын. Кейбір объектілерде өрт шықты.

Айта кетейік, бұған дейін Ozon қосымшасы Google Play жүйесінен жоғалып кеткенін жазғанбыз.

Сонымен бірге, Wildberries қойма кешенін көшіруге байланысты министрлік мәлімдеме жасаған еді.