Пьер Луиджи Пицци: «Аттила» қойылымының дайындығы қызу жүріп жатыр
Басты кеш - 2013 жылдың 21 қазаны - Дж. Вердидің «Аттила» операсының тұсаукесері. Көрермен назарына ұсынылатын опералық спектакльді дайындауға аттары әлемге әйгілі шеберлер шақырылды. Қоюшы режиссері, сценографы, костюм жөніндегі суретшісі - әлемге белгілі итальяндық шебер, Францияның Құрметті Легионы Орденінің иегері Пьер Луиджи Пицци. Тамаша режиссер бүгінгісі мен жұмысы жайлы, алдағы жоспарлары туралы айтып берді.
Пьер Луиджи Пицци Астанаға 12 қазанда келді. Бұл маэстроның елордаға осымен екінші сапар шегуі. «Мен Қазақстанға бірнеше ай бұрын «Астана Опера» театрының әртістер жөніндегі директоры Уильям Грациозидің шақыруымен келгенмін, өзінің ынта-жігерімен жаңа өнер шаңырағын бірден ұнатуға мәжбүр еткен театр директоры Төлеген Мұхамеджановпен кездестім. Бірнеше күн бұрын Камералық залда, өте жоғары деңгейде өткен концертте болдым. Бәрінен де мені «Астана Опера» оркестрінің бірінші скрипкашысы Бағдат Әбілхановтың орындауындағы Жюль Массненің «Таис» операсының «Толғануы» тебірентті. Кезінде Венециядағы «Ла Фениче» театрында осы операны қойған сәттерім есіме түсіп кетті», - дейді Пицци.
Қазір Пьер Луиджи Пицци Дж. Верди операсының қойылымы мен сахналануымен жұмыс жасап жатыр. Ол Қазақстанға Италиядан жеткізілген костюмдер мен декорацияларды дайындады. «Астаналық «Аттила» қойылымы Рим театры операсының жуырдағы қойылымынан бастау алады, алайда бұл дәл сондай спектакль болмайды. Бізге декорацияларды қазақстандық кең сахнаға сай кеңейтуге тура келді. Ғұндардың костюміне келсек, олар қызықты этникалық компоненттермен мүлдем жаңаша жасалды. Басым бөлігі қарамен, алтын және ақпен үйлесетін қызыл түсті», - дейді маэстро.
Еліміздің бас театрында өтетін қойылымның тұсаукесеріне санаулы күн қалды, репетиция толық құрамда жүріп жатыр. «Бас кейіпкер Елдар Әбдіразақов аталған қойылымға қуана қатысты. Мен Аттиланың кейіпін адамгершілігі мол әрі қайсар, соғыста батыр әрі адал, махаббатқа келгенде мейірімді әрі құмар, Құдай алдында момын адам етіп шығардым. Мен құрамдағы әртістердің барлығына үлкен құрметпен қараймын, әсіресе дирижер Валерий Гергиевке ерекше сенемін», - дейді Пицци.
«Аттила» қойылымынан кейін «Астана Опера» театрымен серіктестікті жалғастырғыңыз келе ме деген сұраққа маэстро, тағдырдың жазғаны болар, бұл жерге тағы келемін деп үміттенемін деген жауап қатты.