Суреттердің табылғаны туралы ақпаратты ресми түрде ешкім нақтылаған жоқ, әрі жоққа да шығарған жоқ, деп жазады ИТАР-ТАСС. Бұл коллекция 2011 жылы табылса керек, алайда күні кешеге дейін, яғни Der Spiegel журналистері осы оқиға жайлы сөз қозғамайынша, бұл ақпарат құпияда сақталып келген.
Жауһар туындылар өнертанушы Гильдебранд Гурлиттің ұлы 80 жастағы Корнелиус Гурлиттің пәтерінде сақталып келген. Картиналар консерві өнімдері сақталған қойманың ішінен табылды. Бұған дейін аталған туындылар 1945 жылы ағылшын-американдық авиацияның Дрезден қаласын бомбалау кезінде жойылған деп саналып келді.
Корнелиус Гурлитт билік өкілдерінің күдігіне 2010 жылдан бері алынған еді. Швейцариядан Мюнхенге бара жатқан пойызда кездейсоқ тексеру барысында кеденшілер одан қомақта ақша тапқан болатын. 2011 жылы көктемде полиция оның пәтерін тінтіп, әлемдік құнды заттарға тап болды.