Қазақстан падел федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, бұл шешім International Padel Federation, Азия Олимпиадалық кеңесі және жарысты ұйымдастыру комитетінің үшжақты келісімі нәтижесінде қабылданды.
Әлемде аса тез дамып келе жатқан аталмыш спорт түрі үшін бұл болашақ Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізу жолындағы маңызды қадам болып есептеледі.
Халықаралық падел федерациясының (FIP) президенті Луиджи Каррароның сөзіне қарағанда, Азия ойындары – Олимпиададан кейінгі ірі мультиспорттық форумдардың бірі. FIP халықаралық талаптарға сәйкес турнирдің спорттық бөлігі мен жарысқа дайындыққа жауап беретін болады.
Кейінгі жылдары падел Азияда қарқынды дамып келеді. Жаңа клубтар ашылып, ұлттық федерациялар мен әуесқой турнирлер саны көбеюде, ал ойынның өзі жастар мен салауатты өмір салтын ұстанатындар арасында кеңінен таралып отыр.
Паделдің Азия ойындары бағдарламасына енгізілуі Қазақстан үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Спорт түрінің медальдық мәртебеге ие болуы инфрақұрылымның дамуына, балалар секцияларының ашылуына және мемлекеттік қолдаудың күшейтілуіне септесе алады.
Қазақстан падел федерациясы 2023 жылы құрылды. Сол жылдың шілдесінде-ақ Халықаралық падел федерациясының толыққанды 70-інші мүшесі болды. Федерация президенті Арслан Әбілғазиннің қолдауымен Алматы мен Астанада, еліміздің өзге де қалаларында жаңа корттар салынып жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, 2026 жылғы Азия ойындарында падел жарысының табысты өтуі бұл спорт түрін Олимпиада бағдарламасына енгізуді одан әрі ілгерілетуде маңызды алғышарт бола алады. Бұл Қазақстан үшін де падел бойынша халықаралық аренада өзін көрсетуге мүмкіндік береді.
Федерация мәліметіне қарағанда, падел – ракеткаға негізделген доп спорты. Ол жабық кеңістікте ойналады, тенниспен ұқсастықтары бар. Ойын теннистегідей ортада тормен ойналады, корт та өте ұқсас көрінеді. Теннистегідей, ойыншылар допты ракеткасымен соғу арқылы тордың үстінен қарсылас жағына беруі керек. Дегенмен, паделде жабық корттың қабырғалары, қоршауы осы спорт түрінің ойын үрдісіне берік біріктірілген. Ойыншылар допты ойында сақтау үшін ол қабырға, қоршаудан секіргеннен кейін допты соғуға рұқсат етіледі. Паделді тек төрт ойыншымен жұпта ойнайды.
Мексикалық Энрике Коркуера бұл спорт түрінің негізін қалаған. Коркуера 1960 жылдардың аяғында Акапулькодағы үйінде ойын кортын салды, бірақ мүліктік шектеулерге байланысты ол теннис кортынан сәл кішірек болды. Теннис доптарын қатты соққан кезде олар бүкіл алаңға ұшып, көрші үйлерге соғылатынын байқады, сондықтан кортты жан-жағынан қабырғалармен қоршап алды.
Кәдімгі теннис ракеткалары кортта тым көп күш жұмсауды қажет етті, сондықтан Коркуера және оның достары ойнау үшін ағаш таяғын қолданды. Ойыншыларға қабырғалардан ойнауға мүмкіндік беретін ереже жасалды.
Мексикадан шыққан падел негізінен Коркуераның достары ынта білдіруінің арқасында танымал болды. 1974 жылы оның досы, ханзада Альфонсо де Хоэнлохе-Лангенбург ойынды Испанияға әкелді. Ал Хоэнлохе-Лангенбургтың досы Хулио Мендитенгуи ойынды Аргентинаға таратуда маңызды рөл атқарды. Екі елде де падел футболдан кейінгі ең танымал екінші спорт түріне айналды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Үндістандағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған едік.