Паделден Азия кубогы: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы үш кездесуін жеңіспен аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Индонезия астанасы Джакарта қаласында паделден жасөспірімдер арасында Азия кубогы өтіп жатыр.

Қазақстан падел федерациясы

Қазақстан құрамасы құрлықтық додада үш жас ерекшелігі – U14, U16 және U18 санатында сынға түсуде. 

Ел намысын Әлібек Дүйсенғазин, Ибрагим Рахматулин, Арнұр Тұрсынхан, Ислам Дүйсенғазин, Тайыр Қайретдинов және Дамир Дүйсенғазин қорғауда. 

Жеребеге сәйкес Қазақстан командасы D тобына түсті. 

Бас бапкер Тимур Хабибулиннің шәкірттері алдымен Азиядағы мықтылардың бірі – Қатар құрамасын 2:1 есебімен тізе бүктірді. 

Содан кейін Малайзияны айқын басымдылықпен ұтты – 3:0. 

Соңғы кездесуде Оман командасын 2:1 есебімен тізе бүктірді. 

Осылайша, топтық бәсекені үш жеңіспен аяқтаған Қазақстан құрамасы келесі кезеңге жолдама алды. 

Сегіз үздік құрама екі топқа бөлінді. Қазақстан В тобында БАӘ, Иран және Ливанмен ойнайды. Ертең қазақстандықтар БАӘ командасымен сынға түседі. А тобында Жапония, Сауд Арабиясы, Аустралия, Кувейт құрамалары шеберлік байқасады. Әр топтан бірінші және екінші орын алған командалар Азия кубогының жартылай финалына шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық паделшілердің әлемдік рейтингіде жеке рекордтық көрсеткіштеріне қол жеткізгенін жазған едік.