Пәкістан ақпараттық салада Қазақстанмен ынтымақтасуға мүдделі - Елші

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен «Медиасеріктестік: Қазақстан мен Пәкістан» тақырыбындағы дөңгелек үстел барысында тараптар екі елдің арасындағы ақпараттық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Пәкістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абдул Салик Хан өз елінің ақпараттық салада Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделік танытып отырғандығын баса айтты. Осы ретте ол қазақстандық делегацияның сапары екі елдің арасындағы ақпараттық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыта түсетіндігіне сенім білдірді.

Ол Пәкістан мен Қазақстанды мәдени, географиялық және тарихи мұра ортақтығы біріктіре түсетіндігін атап өтті. Осы тұрғыда Абдул Салик Хан екі елдің БАҚ өкілдері делегацияларының мәдени алыс-берісін жандандыруы үшін бір-бірлеріне сапарлауына қызығушылық танытатындықтарын білдірді. Осы орайда Пәкістан Елшісі қазақстандық телеарналарда өз елінде түсірілген телесериалдарды қазақ тілінде, ал қазақстандық телесериалдарды урду тілінде көрсетуді ұсынды.
 

«Журналистер арасындағы тағлымдаманы кемінде жылына екі рет өткізу, журналистерге арналған бірлескен оқыту тренингтер жүргізу, елдерімізде жаңалықтардың таралуын қамтамасыз ету, ынтымақтастық мақсатында қазақстандық-пәкістандық БАҚ қауымдастығын құру қажет. Соңғы ұсыныс - Пәкістанда «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі кеңсесін құру.Келешекте бұл кеңсені құруға көмек беруге біз дайынбыз», - деді Абдул Салик Хан.