Пәкістан Қазақстанмен ынтымақтастықты арттыруға ниетті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшісі Барлыбай Садықов ПИР Премьер-министрі Шахид Хаккан Аббасимен кездесті. Кездесу барысында екіжақты өзара іс-қимылдардың ағымдағы жағдайы мен келешегі туралы мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Б.Садықов Пәкістанның Үкімет басшысын  Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамаларымен, атап айтқанда «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауымен және «Бес әлеуметтік бастамасымен» таныстырды.

Сонымен бірге, 2050 жылға дейін экономикасы барынша дамыған озық 30 мемлекеттің қатарына кіру мақсатында «Қазақстан-2050», «Цифрлы Қазақстан» және т.б. стратегиялық құжаттар мен бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, «Нұрлы Жол» атты көліктік-логистикалық бағдарлама белсенді түрде жүзеге асырылып жатқанын айтты. Осыған орай, Қазақстан Пәкістанның Карачи, Гвадар теңіз кемежайларының мүмкіндіктері мен инфрақұрылымдарын барынша пайдалануға қызығушылық білдіруде.

Премьер-министр өз кезегінде Исламабад Қазақстанмен достық қатынастарды дамытуға ерекше назар аударатынын айтты. Сондай-ақ, Пәкістанның Қазақстанмен көлік, сауда, энергетика, инвестиция сияқты салалар бойынша ынтымақтастықты арттыруға үлкен қызығушылық танытып отырғанын мәлімдеді.   

Сонымен бірге, ПИР Премьер-министрі жүзеге асырылып жатқан қытай-пәкістан экономикалық дәлізі шеңберінде еркін экономикалық аймақтарының құрылғанын және оған Қазақстан тарапының немесе үшінші мемлекеттің әртүрлі жобаларды жүзеге асыра отырып, оған қатыса алатындары жөнінде атап өтті.

Пәкістан Премьер-министрі Қазақстан басшылығына, біздің мемлекетіміздің халқына жылы лебіз, тілектерін жолдады.