Пәкістан «Мұсылмандардың кінәсіздігі» фильміне байланысты YouTube-тің жұмысын тоқтатты

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - Пәкістан Үкіметінің төрағасы Раджа Первез Ашраф елде YouTube бейне порталына қолжетімділікті бұғаттап тастауға өкім берді.

Оның себебі күллі мұсылман «дінді қорлау» деп түсінген режиссер Сэм Бэйсилдің «Мұсылмандардың кінәсіздігі» фильмі сайтқа шығып кеткен. Бұл туралы Bnews.kz хабарлайды.

Үкімет басшысының бұйрығы Пәкістан Ақпарат министрлігінің қарауына келіп түсті, шенеуніктер тапсырманы шұғыл орындады. Енді республика аумағынан YouTube-ке кіргісі келген қолданушы «сайт әдепсіз материалдарды» жариялайды деген жазуды көреді.

Пәкістан премьер-министрі мұндай шешімді YouTube басшылығы мұсылмандардың өтінішін орындап, даулы фильмді хостингтен алып тастаудан бас тартқаннан кейін қабылдап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, «Мұсылмандардың кінәсіздігі» картинасының шығуы Ливия, Мысыр, Тунис, Йемен және Судан сияқты мұсылман елдерінде дипломатиялық өкілдіктерге қарсы акциялардың басталуына түрткі болды. Ашуға булыққан мұсылмандар Ливиядағы АҚШ елшілігіне баса-көктеп кіріп, америкалық елші мен Мемлекеттік департаменттің үш қызметкерін өлтірді. Осыдан кейін батыс елдерінің дипломатиялық өкілдіктерінде қауіпсіздік шаралары күшейтілді.