Пәкістанда әуежайға қонған ұшақтың дөңгелегі жарылып, жолаушылар зардап шекті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Аллама Икбал халықаралық әуежайында азаматтық ұшақтың апатты жағдайда қонуынан кемінде 10 жолаушы зардап шекті.

Пәкістандық Dawn газетінің хабарлауынша, елдің "Шахин эйр" әуе компаниясына тиесілі Карачи-Лахор бағытындағы Boeing 737 ұшағы бортында 112 жолаушы мен 7 экипаж мүшесі болған. Әуежайға жақындағанда ұшқыш ұшақ шассиінің ақауы туралы хабарлаған. Ұшақ жерге қонған сәтте оның дөңгелектерінің бірі жарылып, әуе көлігі бір жағына қарай ауытқып, салдарынан қатты жылдамдықтағы ұшақ ұшу-қону жолағынан шығып кеткен.

Жолаушылар сыртқа шығарылып, оқиғадан зардап шеккен кемінде 10 жолаушы ауруханаларға жеткізілді.