Пәкістанда балалар 274 метр биіктегі арқанжолда қалып қойған
22:06, 22 Тамыз 2023
ИСЛАМАБАД. ҚазАқпарат – Пәкістанда елдің солтүстік-батысында 900 фут биіктікте (274 метр) арқанжолда қалып қойған алты бала мен екі ересек құтқарылып жатыр. Құтқарушылардың айтуынша, көтергіштің бір арқаны үзіліп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат CNN-ге сілтеме жасап.
Пәкістанның ұлттық табиғи апаттармен күрес басқармасының (NDMA) мәліметінше, арқанжолда қалып қойған балалар Хайбер-Пахтунхва провинциясына мектепке бара жатқан. Оларды құтқару үшін тікұшақ тартылды.
Бұған дейін жергілікті үкімет өкілі ересектермен бірге сегіз бала 1200 фут (365 метр) биіктікте қалып қойғанын мәлімдеді.
Билік барлық «тозығы жеткен және талапқа сәйкес келмейтін арқанжолдарды» тез арада жабуды бұйырды.
Хайбер-Пахтунхва провинциясының шалғайдағы және таулы аудандарында тұратын көп бала мектепке арқанжолмен барады.
Кейбір көтергіште тұрақты техникалық қызмет көрсету жүргізілмегені аталып өтілді.