Пәкістанда сел тасқыны жаңа өңірлерге ығысуда

АСТАНА. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат- Солтүстіктен ығысқан сел тасқыны тағы жүздеген пәкістандықты елдің оңтүстігіндегі жағалаудағы аудандардағы өз үйлерін тастап кетуге мәжбүрлеп отыр, деп хабарлайды ВВС радиостансасы.

Синд уәлаятындағы Татта қаласының төңірегінде он шақты ауыл су астында қалып қойды, 200 мыңдай тұрғын қауіпсіз аймақтарға көшірілді. Бөгеттер әзірге судың екпінін ұстап тұр, бірақ оларға жарықтар түсе бастаған. Егер су бөгеттерді шайып кетсе, бұдан да көп елді мекен су тасқында қалуы ықтимал.

Құтқару қызметтері елдің солтүстігінде судың беті қайтқан аумақтарды тазалау жұмыстарына кірісіп кетті. 800 мыңдай адам сыртпен байланыссыз қалғанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз, оларға көмектесу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымы қосымша тікұшақтар сұратып отыр.

5 миллиондай адам баспанасыз қалды, оларға пана үшін шатырлар немесе пластик қалқалар қажет. Тасқын судан зардап шеккен өңірлерде медиктер инфекциялық аурулардың, бірінші кезекте тырысқақ пен іш өту ауруларының таралуына жол бермеуге тырысуда.

БҰҰ ақпараты бойынша, Пәкстанда қазірдің өзінде 1,6 миллионға жуық адам ауруларға шалдыққан. «Тек қана соңғы бір күннің ішінде 100 мыңнан астам адам ауруға шалдығып отыр, оларға дәрі-дәрмек керек», деп мәлім етті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Пол Гарвуд.