Ең көп зардап шеккен аймақ – Белуджистан провинциясы. Онда су тасқынын тудырған нөсер жаңбыр салдарынан 65 адам қаза тауып, 49 адам жарақат алған.
Су бөгеттері бұзылуының бірнеше жағдайы орын алған, соның салдарынан ондаған үйлер мен инфрақұрылым бұзылды.
Синд провинциясында, соның ішінде бір аптадан астам уақытқа созылған нөсер жауыннан зардап шеккен Карачиде жекелеген апаттардан 38 адам қаза тапты.
Елдің климаттың өзгеру мәселелері жөніндегі министрі Шерри Рехманның айтуынша, Синд пен Белуджистанда жауын-шашын 625% және 501% көп.
Бұл - 30 жылдық орташа көрсеткіштен жоғары. Соңғы 13 күн бойы екі провинция да қатты муссондық қысымға ұшырады.
Табиғи апаттармен күрес жөніндегі ұлттық басқарма мәліметінше, Хайбер-Пахтунхвада толассыз жауған жаңбыр салдарынан 24, Пенджабта 23 және елдің басқа аймақтарында 15 адам қаза тапты.
Ел бойынша 1319 жануар қырылған. 350-ге жуық үй толығымен қирап, 781 үй бүлінген.
Билік елдің түкпір-түкпірінде құтқару жұмыстарын жүргізуде. Зардап шеккендерге шатыр, көрпе, москит торлары, азық-түлік және құтқару кеудешелері таратылып жатыр.