Операцияның алғашқы тәулігінің қорытындысы бойынша, Оңтүстік Вазирстанда 60 содырдың көзі жойылып отыр. Әскерилердің мәліметтеріне қарағанда, Пәкістан армиясы 5 жауынгерінен айрылған, деп хабарлайды ВВС телекомпаниясы.
Пәкістанның үкіметтік күштері «Талибанның» ошағы - Оңтүстік Вазирстанда көлемді операция бастады. Ауыр артиллерияның және әскери-әуе күштерінің қолдауымен қуатты шабуыл жүріп жатыр. Тәлібтердің көзін жою операциясына 28 мыңнан астам әскерлер жұмылдырылды. Түрлі мәліметтер бойынша, оларға 10 мың мен 20 мыңның аралығындағы содырлар қарсы тұр.
Соңғы бірнеше күннің ішінде 20 мың жергілікті тұрғын аймақты тастап кетті және гуманитарлық ұйымдар, босқындардың әлі де көбеюі мүмкін екенін ескертуде.
Естеріңізге сала кетейік, экстремистерге қарсы операцияны бастау туралы шешімді Пәкістан үкіметі қазанның 16-да қабылдады. Елдің Қорғаныс министрлігінен хабарлағандай, операция екі айға созылмақ.