Пәкістанда жол апатынан 13 адам қаза тауып, 30-дан астамы зардап шекті

ИСЛАМАБАД. Синьхуа-ҚазАқпарат – Бейсенбі күні таңға қарай Пәкістанның оңтүстігіндегі Синд провинциясының Суккур ауданында жолаушылар автобусы аударылып, кем дегенде 13 адам қаза тапты, тағы 30-дан астамы зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Суккур ауданы полициясының аға суперинтенданты Ирфан Само тілшілерге автобустың елдің шығысындағы Пенджаб провинцисының Мултан қаласынан оңтүстіктегі Синд провинциясының астанасы Карачиге бара жатқанын мәлім етті.

Жол-көлік апатының себептерін тергеу амалдары басталды. Кейбір жергілікті БАҚ-тың дереккөздерге сілтеме жасап хабарлауынша, жүргізуші бұрылыста көлікті басқара алмай қалған.

Зардап шеккен адамдар Рори ауданындағы ауруханаға жеткізілді. Аурухананың медициналық суперинтенданты Перваиз Ахтар БАҚ-қа алты адамның оқиға орнында көз жұмғанын, қалғандары ауруханаға апарар жолда немесе ауруханада қайтыс болғанын хабарлады.

П.Ахтар зардап шеккен алты адамның жағдайы өте нашар екенін қосып өтті. Олардың кейбіреулері ауданның басқа ауруханаларына ауыстырылатын болады.