Пәкістанда

АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Пәкістандық шенеуніктердің айтуынша, жұма күні сол елде "Мұсылмандардың пәктігі" фильмі мен Мұхаммед пайғамбардың карикатурасына байланысты өткен наразылық акциялары барысында кемінде 16 адам мерт болған.

Бұл туралы Азаттық хабарлап отыр.

Пәкістанның оңтүстігіндегі Карачи қаласында құқық қорғау қызметкерлері мен шерушілер арасында атыс болып, салдарынан 12 адам мерт болған, олардың арасында бір полиция өкілі де бар. Солтүстік-батыс аймақтағы Пешавар қаласында шеруге шыққандар екі кинотеатрды өртеп жіберген. Бұл қалада қаза болған үш адамның біреуі жергілікті телекомпанияның қызметкері деп хабарланды.

Сондай-ақ, Лахор және Исламабад қаласында АҚШ пен Францияның дипломатиялық өкілдіктеріне бармақшы болған наразы топ полициямен қақтығысқан.

АҚШ-та түсірілген "Мұсылмандардың пәктігі" фильмі мен француздық сатиралық журналда жарияланған Мұхаммед пайғамбардың карикатурасы бірқатар мұсылман елдерінде наразылықтың өршуіне себеп болды.

Пәкістандық телеарнадан АҚШ президенті Барак Обама мен мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтонның мұсылмандар Мұхаммед пайғамбарды қорлайды деп санайтын фильмді айыптап сөйлеген сөздерінен үзінділер берілді.

Франция 20-дан астам мемлекеттегі елшіліктерінде қауіпсіздік мақсатында жұмысты тоқтатуға мәжбүр болды.