Пәкістандағы су тасқыны 10 миллиард долларға жуық шығын әкелді

АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат - Дүниежүзілік банк пен Азияның даму банкінің бағалауынша 2010 жылдың жазында Пәкістанда болған су тасқынының зардабы 9,7 миллиард долларды құрады, деп хабарлайды Утро.ру агентігі.

Бұл қаражат ішіне зардап шеккен аймақтар инфрақұрылымының шығыны, ауыл шаруашылығы саласының шығыны, қирап қалған тұрғын үйлер мен басқа ғимараттарды қалпына келтіруге кеткен шығын, сонымен қатар басқа да тікелей және жанама шығын мөлшерлері кіреді. Сондай-ақ бұл сомаға зардап шеккен адамдарға төленген өтемақы мөлшері де қосылып отыр. Бұл мәліметтер бүгін екі әлемдік қаржы ұйымдарының бірлескен хаттамасында жарияланды. Пәкістандағы Азиялық даму банкінің директоры Руне Стреманың сөзіне қарағанда, жазда болған табиғи су тасқынының шығыны Пәкістанда 2005 жылы болған жер сілкінісінің зардабынан екі есе көп болды.