12:30, 01 Сәуір 2009
Пәкістанның энергетика министрі ? Қазақстан-Пәкістан үкіметаралық комиссиясының теңтөрағасы Р.П. Ашраф ҚР Президентінің халыққа жолдауын жоғары бағалады
АСТАНА. Сәуірдің 1-і. ҚазАқпарат - Наурыздың 31-інде Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшісі Бақытбек Шабарбаев Пәкістанның Федералды энергетика және су ресурстары министрі және Қазақстан-Пәкістан үкіметаралық комиссиясының теңтөрағасы Раджа Первез Ашрафпен кездесті,
деп хабарлады ҚазАқпаратқа елшіліктің баспасөз қызметінен. Қазақстандық дипломат министрді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Дағдарыстан - дамуға» атты халыққа Жолдауымен таныстырды. Р.П. Ашраф Қазақстанда келеңсіз экономикалық тенденцияларға қарсы тиімді жоспардың қабылданғанына сенім білдірді. Федералдық министр әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға бағытталған шараларды жеке атап өтті. Сонымен қатар, әлемдік қаржы дағдарысы дүниежүзіндегі көпшілік мемлекеттердің, соның ішінде Пәкістанның да экономикалық қиын жағдайына себепші болып отырғанын айтып кетті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Пәкістан арасындағы екі жақты қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастығына қатысты мәселелерді талқылады. Нақты айтқанда 2007 жылы Астанада өткен екіжақты үкіметаралық комиссиясының 6-шы отырысында қабылданған шешімдердің орындалу барысын қарастырды.Сондай-ақ тараптар үстіміздегі жылдың қазан айында Исламабад қаласында үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысын өткізу туралы шешімге келді.