Пәкістан алдағы тәуліктерде Үндістан тарапынан соққы болуы мүмкін екенін мәлімдеді
АСТАНА. KAZINFORM — Исламабад шабуыл жасалған жағдайда «шешуші жауап» беруге уәде берді, деп хабарлайды Кazinform тілшісі.
Пәкістанның Ақпарат және хабар тарату министрі Аттаулла Таррар сәрсенбі күні Үндістанның жоспары туралы «сенімді ақпараты» бар екенін айтты.
— Бізде Үндістан Пәкістанға қарсы алдағы 24-36 сағат ішінде Пахалгамдағы оқиғаға қатысы бар деген негізсіз және ойдан шығарылған айыптаулармен әскери іс-қимыл жасамақ ниеті туралы сенімді ақпарат бар, — деді министр.
Нью-Дели Үндістан басқаратын Кашмирдегі жақында жасалған шабуылды әскери әрекетке «жалған сылтау» ретінде пайдаланбақ, деді Тарраре.
Ол «кез келген мұндай әскери авантюраға шешуші және дереу жауап берілетінін» атап өтті.
Ол Пәкістанның өзі «терроризмнің құрбаны және осы зұлымдық тудырған азапты терең түсінеді» деп қосты.
— Біз терроризмді әлемнің кез келген жерінде, оның барлық түрі мен көріністерін әрқашан айыптадық, — деді ол.
Айта кетейік, 22 сәуірде танымал Пахалгам қаласында қарулы топ теракт жасаған болатын. 25 Үндістан азаматы мен бір Непал азаматы қаза тауып, көп адам жараланды.
Үндістан билігі Джамму мен Кашмирде жаппай тінту жүргізіп, 1500-ден астам адамды жауап алу үшін қамауға алды. Күдікті содырларға тиесілі он үй қиратылды.
Полицияның мәліметінше, шабуыл жасады деген төрт адамның үшеуі анықталды: екеуі Пәкістан азаматы және біреуі Үндістан басқаратын Кашмир азаматы. Төртінші туралы әзірге ақпарат жоқ. Тірі қалғандардың көбі содырлардың үнділік азаматтарды арнайы нысанаға алғанын айтады.
Шабуылға жауапкершілік Пәкістандағы «Лашкар-е-Тайба» ұйымымен байланысы бар Resistance Front деп аталатын шағын топқа жүктелді. Алайда кейінірек ол өзінің шабуылға қатысы барын жоққа шығаратын мәлімдеме жасады.
Премьер-министр Нарендра Моди сейсенбіде Қорғаныс министрі Раджнат Сингх, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Аджит Довал және барлық үш қызмет басшыларының қатысуымен кеңес өткізді.
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди шабуылға кінәлілер «әділ жазаланатынын» және ел қылмыскерлерді «әлемнің кез келген жерінен» тауып, жазалайтынын айтты.
Бұған дейін үнділік БАҚ кеше түнде Пәкістан армиясы Джамму мен Кашмирдегі Паргавал секторында Үндістанмен шекарада оқ жаудырғанын хабарлаған.