Пәкістан Дохада Ауғанстанмен келіссөз жүргізуге ниетті екенін мәлімдеді

Фото: Shutterstock/FOTODOM/ Esfera

АСТАНА. KAZINFORM - Пәкістанның жоғары лауазымды делегациясы екі тарап арасындағы мәселелерді шешу үшін Қатардың астанасы Дохада Ауғанстан өкілдерімен келіссөз жүргізеді, деп хабарлайды Синьхуа.

Пәкістан Сыртқы істер министрлігі Қорғаныс министрі Хаваджа Асиф бастаған делегация трансшекаралық терроризмді тоқтату және Пәкістан-Ауған шекарасында тұрақтылықты қалпына келтіру шараларын қолға алатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар Пәкістан Сыртқы істер министрлігі Қатардың арағайындық талпынысына ризашылығын білдірді және Исламабад келіссөздер аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке ықпал етеді деп үміттенетінін атап өтті.

Кейінгі кездері Пәкістан-Ауғанстан шекарасындағы шиеленіс шекара маңындағы атыс пен содырлардың әрекетіне байланысты күшейе түсті.

Бұған дейін Пәкістан мен Ауғанстан атысты 48 сағатқа тоқтатуға келіскенін жазған болатынбыз.