Пәкістан Қазақстанға Араб теңізіне шығатын ең қысқа жолды ұсына алады – Елші
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Пәкістанда өндірілетін хирургиялық құралдарды басқа елдердің реэкспорты арқылы 10 есе қымбатқа алып отыр. Арадағы делдалдарды жою үшін қазақстандық бизнес тікелей импортты жолға қоя ала ма? Бұл ел бастауы Үндістан аумағында жатқан өзендердің суын қалай тиімді пайдаланып отыр? Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Науман Башир Бхатти Kazinform тілшісіне берген сұхбатында осы және өзге де сауалдарға жауап берді.
- Елші мырза, Пәкістан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы бірде артып, бірде бәсеңсіп қалып тұр. Оның құбылып тұруына геосаяси жағдайлар әсер етіп жатыр ма?
- Геосаясаттағы динамика, ондағы үрдістер шынымен де сауда-саттық пен экономикалық ықпалдастықтарға әсер етеді. Өйткені, геосаясат кез келген өңірдің немесе елдің бейбіт өмірі мен тұрақтылығына, өндіріс шығыны мен жеткізу тізбектерінің қауіпсіздігіне ықпал етеді. Пәкістан мен Қазақстанның ортақ шекарасы жоқ екенін ескерсек, қос тарап үшін Ауғанстандағы бейбіт өмір мен тұрақтылық өзара тығыз байланыс орнатудың басты мәселесі болып отыр. Дегенмен, екіжақты сауда-саттық біртіндеп болса да өсіп келеді. Жалпы сауда-саттық көлемі екі елдің шынайы әлеуетінен төмен екені айтылып жүр. Бұл көлемді әлі де өсіре түсуге мүмкіндік бар. Кейінгі кезде Ауғанстандағы саяси ахуал мен қауіпсіздік жақсаруына байланысты, Пәкістан ұлттық логистикалық компаниясының Ауғанстан мен Қытай арқылы Қазақстанға жүк тасымалдай бастауына байланысты 2023 жылдың шілдесі мен қарашасы аралығында екіжақты сауда-саттық көлемі артқанын көріп отырмыз.
- Екі арадағы сауда-саттықтың үш бағыты бар екені белгілі. Пәкістан тарапы үшін осы үш бағыттың қайсысы қауіпсіз әрі тиімді?
- Пәкістан мен Қазақстан арасындағы жүк тасымалы үшін ең қысқа әрі арзан бағыт – Қарақорым тасжолы, яғни Қытай мен Қырғызстан аумағы арқылы өтіп жатқан дәліз. Оны Пәкістан, Қазақстан, Қытай және Қырғызстан арасындағы «Транзиттік тасымал туралы тоқсандық келісім" деп те атайды. Бұл бағыт арқылы тауарды контейнерге тиеп, жүк көлігімен тасуға болады. Карачи мен Алматы арасында бірнеше шекараны кесіп өтетініне қарамастан жүкті қайта тиеудің қажеттілігі жоқ. Сондықтан әлдеқайда қауіпсіз, сенімді әрі үнемді маршрут болып табылады. Бірақ бұл бағыт Хунджраб өткелі 4 ай қысқа жабық тұрғандықтан жұмыс істемейді. Жуықта Қытай мен Пәкістан Қарақорым бағытын сақтап қалуға күш саламыз деп келісті. Өйткені, бұл маршрут – Пәкістан-Қытай экономикалық дәлізінің бір бөлігі. Оның сақталуы Пәкістанның Қытаймен ғана емес, Қазақстанмен байланысын да нығайтады. Осыған орай, біз аталған төртжақты келісімді әрі қарай нығайту үшін жұмыс жасауымыз қажет.
Ал Ауғанстан-Өзбекстан маршруты туралы әңгімеміздің басында айттым. Ауғанстанның теміржол желісі Қазақстанмен арадағы теміржол байланысын да айтарлықтай жақсарта алады.
- Ақтөбе қаласында рельс арқалығының зауытымен келіссөз басталғаны туралы мәлімет бар. Нақты қандай өнімді, қанша көлемде алуға мүдделісіздер?
- Жақында Пәкістанның теміржол вице-министрі Қазақстанға келіп, Қазақстанның көлік министрлігіндегі әріптестерімен кездесті. Сол кезде Транс-ауған теміржолын біріктіру бастамасының түрлі тетіктері де талқыланды. Қос тарап та қазіргі таңда көлік саласындағы әріптестіктің түрлі бағыттарын зерделеп жатыр. Оның жемісі болады деп үміттенемін.
- Пәкістан Қазақстанға жақын болғанымен астықты көбіне Украинадан алады. Біздің астықтың сапасына сенім аз ба?
- Бидай ұны пәкістандықтардың негізгі азығының бірі болып есептеледі. Иә, Пәкістан Украинадан бидайды импорттайды, бұл оңайырақ болып отыр. Ол жақтан бидай бізге теңіз жолы арқылы әкелінеді. Сәйкесінше, бір тасығанда үлкен көлеммен жеткізуге болады. Бұл оның бағасын арзан ете түседі. Пәкістан өткен жылы G2G (мемлекеттен мемлекетке үлгісінде келісім жасау) негізінде Ресейден де теңіз арқылы бидай импорттады. Қазақстаннан бидай импорттаудың мүмкіндіктерін де зерттедік. Бірақ жермен тасымалдау логистикасының құны өте қымбат, бәсекеге қабілетсіз болып отыр. Логистика шығыны азайса және импорттаудың G2G негізінде жасалса, Пәкістан Қазақстаннан да бидай жеткізудің мүмкіндіктерін қарастыра алады.
- Пәкістан мен Үндістан арасында трансшекаралық өзендер бар екенін білеміз. Өзен суының 40 пайызы сырттан келетін Қазақстан үшін бұл бағыттағы тәжірибелер өте маңызды. Дели мен Исламабад трансшекаралық өзендерді қалай бөлісіп отыр? Қазақстанға қандай оң тәжірибесін ұсына алады?
- Пәкістан мен Үндістан арасында жасалған 1960 жылғы Инду су келісіміне Дүниежүзілік банктің де қатысы бар. Осы келісім 6 трансшекаралық өзенді бірлесіп пайдаланудың құқықтары мен міндеттерін айқындайды. Атап айтсақ, бұл – Инда, Джелум, Ченаб, Сатледж, Беас және Рави өзендері. Келісім аясында тұрақты су комиссиясы құрылған. Сол комиссия аясында екі ел су пайдалану ақпараттарын алмасып, әріптестік жасайды. Келісімнің шарттарын түрліше тәпсірлеу немесе орындамау сияқты қайшылықты тұстарды да осы комиссия реттейді. Бұл келісім екі мемлекет арасындағы күрделі қарым-қатынасқа қарамастан су саласындағы ең сәтті әрі өміршең халықаралық келісім болып есептеледі. Қазақстан да Пәкістан сияқты өзендердің етегінде орналасқан.
Менің түсінгенімдей, Қазақстанның Ресей Федерациясымен трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша ынтымақтастықты дамыту бойынша өзара әрекеттесу тетіктері бар.
- Қазақстан Пәкістан порттарын Араб теңізі арқылы Африка елдеріне шығатын кілт ретінде пайдаланғысы келеді. Бұл қаншалықты мүмкін жоба? Иранның Бендер-Аббас портында Қазақстан павильоны салынғалы жатыр. Пәкістан тарапы да Қазақстанға осындай мақсатта жер телімін бөле ала ма?
- Пәкістан Қазақстанға Араб теңізіне шығатын ең қысқа жолды ұсынып отыр. Исламабад қашаннан да Қазақстанмен арадағы байланысты түрлі жолмен, бірнеше бағыт бойынша нығайтуға күш салып келеді. Бұл бағытта екі тараптан да жұмыс істеп жатырмыз. Қазақстан жағынан Пәкістан порттарынан терминал немесе павильон ашу туралы нақты ұсыныс, сауал түскен жоқ. Бірақ, жаңа ғана айтқанымдай, Пәкістан әріптестікке әрдайым ашық. Ондай ұсыныс болса, өтінішті жағымды қарауға дайынбыз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Пәкістанда Инвестицияларды ынталандырудың мамандандырылған кеңесі құрылғанын, басым бағыттағы инвестициялық салаларды айқындағанын айта кетуім керек.
- Біз Пәкістанда өндірілетін хирургиялық құралдарды басқа елдердің реэкспорты арқылы 10 есе қымбатқа алып отырмыз. Арада делдал болмау үшін Қазақстан билігіне қандай шаралар қабылдау керек? Қазақстан аумағында осы бағытта бірлескен кәсіпорын ашу Исламабад үшін қаншалықты қызықты?
- Бізде өндірілетін хирургиялық құралдар өте сапалы және бүкіл әлемге экспортталып жатыр. Ондай өндірістер негізінен Сиалкот қаласында шоғырланған. Бұл қалада хирургиялық құралдар өндіретін тұтас кластер қалыптасқан. Жеткізу тізбегі, жұмыс күші, шикізат базасы толық жолға қойылған. Бұл тұрғыда екі елдің жекеменшік компаниялары арасында бірлескен кәсіпорын құру идеясы өте қызықты және зерттеуге тұрарлық. Кейін ондай өндірістің ауқымын кеңейтіп, бүкіл Еуразиялық экономикалық одақ нарығына, оның сыртына да шығуға болар еді. Пәкістанда жұмыс күші жеткілікті. Осы әлеуетті Қазақстанмен бірлескен кәсіпорындарда пайдалануға болады.
- Қазақстан Пәкістанға экспорттайтын үздік 5 тауар, ол жақтан бізге импортталатын үздік 5 тауар қандай?
- Қысқаша айтсам, Пәкістаннан Қазақстанға ең көп экспортталатын тауарлар – күріш, дәрі-дәрмек пен фармацевтикалық өнімдер, брезент мата, құрма, інжір, манго, апельсин сияқты цитрус жемістері. Ал Қазақстаннан бұршақ, ноқат сияқты дақылдар, өңделмеген мырыш, күкірт, минералдар және жіп импорттап отырмыз.
- Әңгімеңізге рахмет.