Пәкістан өз аумағында әуе кеңістігіндегі шектеудің көбін алып тастады
АСТАНА. KAZINFORM – Пәкістанда Азаматтық авиация басқармасы (CAA) негізгі бағыттар бойынша әуе қатынасы қалпына келтірілетінін жариялады, бұл ретте бірнеше бағыт тағы 24 сағатқа жабық болады, деп хабарлайды Dawn.
Басқарма бұған дейін сейсенбі күні кешке Үндістан мен Пәкістан арасындағы әскери қақтығыстан кейін Пәкістанның әуе кеңістігін толығымен жабу туралы хабарлаған болатын. Әуе кеңістігі бастапқыда 48 сағатқа жабылып, барлық рейстер тоқтатылды, ал жолаушыларға үйлеріне қайтуға кеңес берілді.
Пәкістан мен Үндістан арасындағы әскери қақтығыс сәрсенбі күні түнгі сағат 1-ден кейін Үндістан Пәкістанның Пенджаб және Азад Джамму мен Кашмирдегі алты нысанына әуе шабуылдарынан кейін басталды. Шабуыл салдарынан 26 бейбіт тұрғын қаза тауып, 40-тан астамы жарақат алған. Кейін Үндістанның
Пәкістанға жасаған әуе шабуылынан қаза тапқандар саны 31 адамға жеткені белгілі болды.
Пәкістан жауап ретінде Үндістанның бес ұшағын атып түсіргенін мәлімдеді. Үндістан бұл мәлімдемені жоққа шығарып, соққылар тек нақты нысаналарға бағытталғанын айтты. Екі ел де көптеген құрбандар мен зардап шеккендер туралы хабарлады.
Әскери өкіл генерал-лейтенант Ахмед Шариф Чаудхридің айтуынша, жауап ретінде үндістандық бірнеше бақылау-өткізу пункті жойылды. Кейіннен CAA Пәкістанның әуе кеңістігі барлық әуе компаниялары үшін жабық деп жариялады.
Reuters мәліметінше, азиялық бірнеше әуе компания қақтығыстарға байланысты бағыттарын өзгертетінін немесе Еуропаға және одан шығатын рейстерді тоқтататынын мәлімдеді. Әуе компанияларының қтарына Thai Airways, Vietnam Airlines және Тайваньдағы China Airlines және EVA Air кірді.
Air Astana компаниясы Үндістан мен Пәкістан арасындағы әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Air Astana әуе компаниясы 8 мамырдағы Алматы — Дели — Алматы бағытында ұшатын ұшақ ұшпайтынын мәлім етті.
АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан мен Пәкістан басшылығына екі ел әскери күш қолдану арқылы туындаған шиеленісті еңсеруге көмектесуге дайын екенін айтты.