Пәкістан премьері Үндістандағы терактінің тергеуіне қатысуға дайын
АСТАНА. KAZINFORM – Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф Үндістанды Пәкістанға қарсы «негізсіз айыптаулар мен талаптар» қойды деп айыптады, деп жазады Анадолы.
Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф 22 сәуірде Үндістан қоластындағы Джамму мен Кашмирдің Пахалгам аймағында болған террорлық шабуылды «бейтарап және ашық» тергеуге қатысуға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы Dawn газеті хабарлады.
Какул ауданындағы әскери парадта сөйлеген Шариф Үндістанды Пәкістанға қарсы «негізсіз айыптаулар мен талаптар» қойды деп айыптады. Ол Пәкістанның жауапты мемлекет ретінде кез келген тәуелсіз және объективті тексеруге қатысуға ашық екенін атап өтті.
Сондай-ақ Шариф Исламабад «Инд сулары туралы келісім» бойынша Пәкістанға берілген су ресурстарына кез келген араласу әрекетіне жауап қайтаратынын ескертті.
Пәкістанның Қорғаныс министрі Хаваджа Мухаммад Асиф New York Times американдық газетіне берген сұхбатында елдің халықаралық тергеушілермен ынтымақтасуға дайын екенін растады. Ол Пәкістанның қатысы бар екендігіне дәлел келтірмей, Үндістанды террорлық шабуылды «Инд сулары туралы келісімді» тоқтата тұруға сылтау ретінде пайдалануға тырысты деп айыптады.
— Біз соғыстың өршуін қаламаймыз, өйткені бұл әрекет аймақ үшін апатқа әкелуі мүмкін, — деп атап өтті Асиф.
Бұған дейін Үндістан әскері Джамму мен Кашмирдегі бақылау сызығында екі ел әскерлері арасында атыс болғанын хабарлаған. Әскерилердің мәліметінше, қақтығыстар салдарынан зардап шеккендер жоқ. Алдыңғы күні де бақылау сызығы бойынша шағын атыстар тіркелген.
Еске салсақ, 22 сәуірде Пахалгамда қаруланған адамдар туристерге оқ жаудырып, салдарынан 26 адам қаза тауып, көптеген адам жарақат алды. Үндістан шабуылға Пәкістанды айыптап, жауап ретінде «Инд сулары туралы келісімді» тоқтата тұрды, пәкістандық дипломаттарды шығарды және Пәкістан азаматтарына виза беруді тоқтатты.
Өз кезегінде Пәкістан айыптауларды жоққа шығарып, Исламабадтағы үндістандық дипломаттар санын шектеді, су ресурстарына кез келген араласуды соғыс актісі деп санайтынын мәлімдеді, Үндістанмен сауданы тоқтатты және әуе кеңістігін жапты.
Қайғылы оқиғадан кейін Мемлекет басшысы Үндістанның Премьер-министріне көңіл айтты.
БҰҰ Бас хатшысы Үндістандағы қарулы шабуылды қатаң айыптады.