Пәкістанда күріш пен мақтаның жартысына жуығы су астында қалды

Фото: АЗЕРТАДЖ

АСТАНА. KAZINFORM — Пәкістандағы соңғы онжылдықтағы ең күшті су тасқыны ауылдық аймақтармен бірге өнеркәсіптік орталықтарға да зардабын тигізіп, миллиардтаған доллар шығын келтірді және азық-түлік пен экспорт жеткізіліміне ауыр салмақ түсірді, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ.

Үкімет 2026 жылға үлкен үмітпен қарап, ауыл шаруашылығы мен өңдеуші өнеркәсіптің қалпына келуі аясында, сондай-ақ Халықаралық валюта қорынан бөлінген 7 млрд долларлық көмектің арқасында экономиканың тұрақтануынан кейін ЖІӨ өсімі 4,2% деңгейінде болады деп болжаған еді.

Алайда маусым айының соңынан бері жауған рекордтық муссондық жаңбыр, сонымен қатар Үндістандағы бөгеттерден жіберілген судың күшеюі Пенджаб пен Синдтің — халқы ең тығыз орналасқан әрі экономикалық маңызы зор екі провинциясының ауқымды аумақтарын су астында қалдырды, деп жазады Reuters.

Көптеген аймақта су әлі қайтпағанына қарамастан, билік пен сарапшылар салдары 2022 жылғы апаттан да ауыр болуы мүмкін екенін ескертіп отыр. Ол кезде елдің үштен бірі су астында қалған болатын. Бұл жолы ауыл шаруашылығы мен өндірістің қос соққысы ауыр тиіп отыр.

Жазықтардағы спутниктік суреттер су тасқыны ауқымын айқын көрсетеді. GEOGLAM ауыл шаруашылығын бақылау ұйымының есебіне сәйкес, 1 тамыз бен 16 қыркүйек аралығында кемінде 220 мың гектар күріш егістігі су астында қалған. Күріш, мақта және жүгері өсірілетін негізгі өңір — Пенджабта 1,8 млн акр ауыл шаруашылығы жері суға кеткен.

— Күріш егінінің шамамен 50%-ы, ал мақта мен жүгерінің 60%-ы зардап шекті, — деді Пәкістан фермерлер қауымдастығының төрағасы Халид Бат.

Бағалау бойынша, елде егіннің кемінде оннан бірі жойылған, ал кейбір аймақтарда көкөніс шығыны 90%-ға дейін жеткен.

Пәкістанның жоспарлау министрі Ахсан Икбал су тасқыны ЖІӨ өсімін «тежейтінін» мойындап, нақты шығын туралы мәліметтер шамамен екі аптадан кейін дайын болатынын айтты. 

Айта кетелік Пәкістандағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 1000 адамнан асты