Пәкістанда жанкешті ұйымдастырған жарылыстан 50 адам қаза тапты

Пәкістанда жанкешті лаңкестің шабуылынан 50 адам мерт болып, ондаған тұрғын зардап шекті. ҚазАқпарат бұл туралы BBC News басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: cnn.com

Жарылыс жұма күні оңтүстік-батыстағы Белуджистан провинциясындағы мешіт маңында, адамдар Мұхаммед пайғамбардың туған күнін тойлауға шыққан кезде болған.

Белуджистан билігі төтенше жағдай жариялады. Ешбір топ шабуылды өз мойнына алған жоқ.
Сол аралықта Хайбер-Пахтунхва провинциясындағы Пешавар қаласына жақын жердегі мешітте тағы бір жарылыс болды.

Пешаварға жақын маңдағы Хангу мешітінде болған жарылыстан құрбан болғандар саны әзірге белгісіз. Бірақ полицияның хабарлауынша, бірнеше адам шатыр құлағаннан кейін үйінді астында қалған болуы мүмкін.

Мастунг қаласындағы оқиға орнынан түсірілген кадрлардан құтқарушылар мен жергілікті тұрғындардың жараланған адамдарды қалай құтқарып жатқанын көруге болады.

Белуджистан полициясының басшысы Абдул Халик Шейх жарылыс жанкешті лаңкестің шабуылы салдарынан болғанын растады. Ол шабуылдаушыны тоқтатпақ болған кезде полиция аға офицері мерт болғанын мәлімдеді.

Ауғанстан және Иранмен шектесетін Белуджистан Пәкістанның ірі провинциясы саналады. Сонымен қатар қалаға «Техрик-и Талибан Пәкістан» (ТТП) немесе пәкістандық Талибан, сондай-ақ «Ислам мемлекеті» топтары сынды қарулы сарбаздар жиі шабуыл жасайды.

Дегенмен ТТП жұмадағы жарылысқа қатысы жоқ екенін мәлімдеп, мұндай шабуыл олардың саясатына қайшы екенін айтты.

Бұған дейін осы айда сол ауданда болған жарылыстан он бір адам, оның ішінде танымал мұсылман көшбасшысы жарақат алған болатын.

Шілдеде Хайбер-Пахтунхва провинциясының солтүстік-батысында діни саяси партияның жиналысында жанкешті лаңкес жарылыс ұйымдастырып, 40-тан астам адам мерт болды.