Пәкістандағы муссон жауыны: қаза тапқандар саны 72-ге жетті

Фото: Anadolu

ИСЛАМАБАД. KAZINFORM – Пәкістан аумағында толассыз муссон жаңбырынан болған су тасқынынан қаза тапқандар саны 72 адамға жетті. Бұл туралы Табиғи апаттармен күрес жөніндегі ұлттық басқарма (NDMA) мәлімдеді, деп жазады Anadolu.

Ведомство мәліметінше, жауын-шашын Хайбер-Пахтунхва, Шығыс Пенджаб, Синд және Белуджистан провинцияларында жалғасып жатыр. 130-дан астам адам түрлі жарақат алған.

NDMA таратқан мәлімдемеде алдағы күндері жауын-шашын күшейіп, қауіп артуы мүмкін екені айтылып, жергілікті билік органдарына жоғары дайындық режимінде болу ескертілген.

Айта кетейік, Пәкістанда шілде мен қыркүйек аралығында жыл сайын болатын муссон жаңбырлары жүздеген адамның өмірін жалмайды және ауқымды материалдық шығын келтіреді.

Бұған дейін Пәкістанда 26 маусымнан бері жалғасып жатқан муссон жаңбыры мен су тасқынынан 66 адам қаза тауып, 127 адам жарақат алғанын жазған едік.