Пәкістандағы тасқын: 98 адам қаза тауып, 185 адам жарақат алды

Фото: Pixabay.com

ИСЛАМБАД. KAZINFORM — 26 маусымнан бері Пәкістанда толассыз жауған муссон жаңбырлары мен кенеттен болған су тасқыны салдарынан 98 адам қаза тауып, тағы 185 адам түрлі жарақат алған. Бұл туралы Пәкістанның Табиғи апаттардың алдын алу ұлттық басқармасы (NDMA) жұма күні хабарлады, деп жазды Синьхуа.

Басқарманың мәліметінше, соңғы тәулікте ғана 8 адам қаза тауып, 27 адам зардап шеккен.

Ең көп шығын Пенджаб провинциясында тіркелген — 37 адам қаза тапқан, олардың 20-сы — балалар. Екінші орында Хайбер-Пахтунхва провинциясы, онда 30 адам көз жұмған.

Билік алдағы күндері жауын-шашын болуы мүмкін екенін ескертіп, төменгі және қауіпті аймақтарда тұратын халықты сақтық шараларын қабылдауға шақырды. Ең көп зардап шеккен өңірлерде құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, бұған дейін АҚШ-тың Техас штатындағы күшті су тасқыны салдарынан, соңғы мәліметтер бойынша, 104 адам қаза тапты, оның ішінде 28 бала бар. Апаттан кейін 24 адам әлі де хабар-ошарсыз кеткендер қатарында екені хабарланды.