Пәкістанның солтүстігіндегі су тасқынынан кемінде 194 адам мерт болды

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM – Пәкістанның солтүстігінде нөсер жауын салдарынан болған су тасқынынан кемінде 194 адам мерт болды. Бұл туралы Geo News өңірдің билік өкілдеріне сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңартылған ақпараттарға қарағанда, табиғи апаттан Хайбер-Пахтунхва аймағында – 180, Гилгит-Балтистанда – 5, Азад-Кашмирде 9 адам көз жұмған.

Билік дерегінше, көшкін жүрген таулы аймақта қалып қойған 1300 турист құтқарылып, қауіпсіз жерге жеткізілді.

26 маусымнан бері Пәкістанда жауын-шашын салдарынан болған апаттардан 360-тан аса адам қаза болды, олардың көпшілігі әйелдер мен балалар. Соңғы адам өлімі деректері негізінен Пәкістанның солтүстігі пен солтүстік-батыс өңірлерінде тіркеліп отыр.

Су тасқыны кезінде көптеген үйлер қирап, кейбір аймақтарда байланыс үзілген. Сонымен қатар Хайбер-Пахтунхвада жүк тиеген тікұшақ құлап, экипаждың бес мүшесі мерт болды.

Билік қаза тапқандар саны артуы мүмкін екенін ескертіп, іздестіру-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр.

Пәкістан президенті Асиф Али Зардари қаза болғандардың жақындарына көңіл айтып, апат салдарын жою және құтқару шараларын жеделдетуді тапсырды.

Осыған дейін Кашмирде су тасқынынан 30-дан астам адам құрбан болғаны туралы жаздық.