Палестиналық-америкалық жасөспірім 9 айдан кейін Израиль түрмесінен босатылды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазір 16 жастағы Мұхаммед Ибрахим Флоридадан демалысқа келген кезде тұтқындалған. Ол Израиль басып алған Батыс жағалаудағы еврей қоныстанушыларына тас лақтырды деген күдікпен ұсталған, деп жазды ВВС.
Палестинада туған АҚШ азаматы Мұхаммед Ибрахим Израиль түрмесінде еш айыпсыз тоғыз ай отырғаннан кейін бостандыққа шықты. Ол ақпанда Флоридадан демалысқа келген кезінде Израиль басып алған Батыс жағалауда еврей қоныстанушыларына тас лақтырды деген күдікпен ұсталған. Мұхаммед бұл айыпты бұған дейін жоққа шығарған.
АҚШ Мемлекеттік департаменті оның босатылуын құптайтынын мәлімдеді. ВВС Израиль билігіне хабарласқанымен, жауап ала алмаған.
Қазір 16 жастағы Мұхаммед бостандыққа шыққан бойда ауруханаға жеткізілді. Туыстарының айтуынша, ол өте арықтап, бозарып кеткен және тұтқында болған кезде жұқтырған аурулардан зардап шеккен.
Мұхаммедтің ағасы оның бостандыққа шығуын отбасы үшін «үлкен жеңілдеу» деп атап, соңғы тоғыз айдың «қорқынышты түс секілді кезең» болғанын айтты. Оның сөзінше, отбасы қазір ең алдымен жасөспірімнің денсаулығын қалпына келтіруге күш салып жатыр.
АҚШ билігі Мұхаммедтің отбасына консулдық қолдау көрсетуді жалғастыратынын айтты. Оның әкесі бұған дейін ұлын босату үшін АҚШ үкіметі жеткілікті әрекет етпей отыр деп наразылығын білдірген. Мұхаммед әскерилер оны ұрып-соғып, тас лақтырдым деп мойындауға мәжбүрледі деп мәлімдеген.
Ол Батыс жағалаудағы Офер түрмесінде ересек қылмыскерлермен бірге ұсталған. Израиль түрме қызметінің мәліметінше, ел абақталарында шамамен 350 палестиналық бала жазықсыз қамауда отыр, олардың көбіне нақты айып тағылмаған.
Айта кетейік, осы айда ЮНИСЕФ Израильдің балаларға арналған тағамның Газаға жеткізілуіне кедергі келтіріп отырғанын хабарлады.