Палестинаны мемлекет ретінде Бельгия да мойындады

Фото: ТАСС

АСТАНА. KAZINFORM — Бельгия Палестинаны мемлекет ретінде мойындаған елдер тобына қосылды, деп хабарлайды ТАСС

Бұл туралы премьер-министр Барт Де Вевер БҰҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясы аясында мәлімдеді. 

— Бельгия әрқашан екі мемлекеттің шешімін қорғап келді және бүгін Нью-Йорк декларациясына қол қойған елдердің қатарына қосылды. Тек осындай шешім Израиль мен Палестина халқына бейбітшілік пен қауіпсіздікте өмір сүруге мүмкіндік береді, — деді премьер-министр.

Барт Де Вевер Израиль саясаткерлерінің, соның ішінде премьер-министрдің «Палестина мемлекеті болмайды» деген мәлімдемелері палестиналықтарды қолдаудың қосымша себебі болып табылатынын айтты.

— Сондықтан Бельгия бүгінде БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Палестина мемлекетін мойындағанын жариялаған елдер тобына қосылу арқылы әлемге мықты саяси сигнал беріп отыр, — деді Де Вевер.

Бұған дейін Франция президенті Эмманюэль Макрон БҰҰ Бас Ассамблеясының отырысында сөйлеп, өз елінің Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын жариялады.