Әлібек Қайырбек Көкшетауда өмірге келді. Ол Қазақ ұлттық өнер университетін тәмамдап, кәсіби домбырашы атанды. Бірнеше халақаралық конкурстың жеңімпазы болды. Домбыраны серік еткен музыкант көп ұзамай ұлттық аспапты танытудың жаңа жолын ойластырды. Сөйтіп «Әлем шыңындағы домбыра» жобасы туды. Өзі тауға шығып, шыңдарды бағындырады. Бірнеше мың биіктікте күй орындап, ұлттық өнерді ұлықтайды.
Музыка мен альпинизмді үндестіріп, Қазақстан мәдениетін таныту мақсаты көп ұзамай орандала бастады.
- Бір қарағанда домбыра мен тау екі бөлек әлем. Мен осы екеуін бір арнаға тоғыстырып, таңғажайып дүниені іске асырғым келеді,- деді Әлібек.
Оның айтуынша, тау шыңында өнер көрсетіп те еліміздің атын әлемге танытуға болады. Тек видеоға түсіріп қана қоймай, деректі фильм, мақала жариялап, халықаралық жобаларға қатысады.
- Домбыраны әр құрлықтағы ең биік шыңға көтеріп, сол жерде қазақ күйлерін орындағым келеді. Бейнежазбалар, деректі фильмдер, түрлі мақала мен халықаралық жобалар арқылы халқымыздың музыкасын әлемге танытуды мақсат еттім, – дейді музыкант.
Памир шыңында Ата Заңды таныстырды
Әлібек Қайырбек 2026 жылдың тамыз айында Памир тау жүйесіндегі Заалай жотасында, Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында орналасқан Раздельная шыңына көтерілді. Биіктігі - 6 148 метр. Ол өзімен бірге ҚР Конституциясын, домбыраны ала барып, күй орындады.
Бұл экспедиция бір жыл бұрынғы бастамасының жалғасы болды. Ол 2025 жылы Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 30 жыл толуына орай Гималайдағы Айленд-Пик шыңына шығып, еліміздің Ата заңына танытты. Әлібек сөйтіп жеке спорттық жетістігі мен елге деген құрметін ұштастыра білді.
– Еліме деген құрметімді білдіріп, спорттық жетістікті ұлттық идеямен ұштастырғым келді. Мен үшін Конституция – мемлекеттігіміз бен тәуелсіздігіміздің, ал домбыра халқымыздың мәдениеті, тарихы мен дәстүрінің символы, – деді ол.
Айленд-Пикке шығу маңызы қадам болды. Альпинист Эверестті өз көзімен көрді, алдағы экспедицияға қаншалықты дайын екенін бағамдады.
— Қандай қиындықтар кезігеді? Мені алда не күтіп тұр? Биік шыңды көтере аламын ба? Мұндай экспедицияларға дайынмын ба? Міне, осы сұрақтарға жауап табуға мүмкіндік болды. Айленд-Пик маған Эверест шыңына жол ашатын бағыт еді,- деді ол.
Халықаралық экспедиция кезінде шетелдіктерге Қазақстанның тарихы, ұлттық дәстүрі мен мәдениеті туралы айтады. Жоба ұйымдастырушыларының пікірінше, мұндай бастамалар ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және елдің халықаралық имиджін нығайтуға ықпал етеді.
Эверест етегінде қазақ күйін орындады
Әлібек Қайырбек Эверест етегінде Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін орындады. Бұл композитордың 100 жылдығына арналған тарту әрі жобаның маңызды бөлігінің бірі.
- «Әлқисса» күйін не үшін таңдадым? Мен қазақтың ұлы композиторының шығармасы асқақ Гималай тауларында орындалса екен дедім. Мұның өзіндік мәні бар. Ұлттық музыкамыз концерт сахнасынан асып, танымал шың арқылы әлемге естілді,- дейді Әлібек.
Экспедиция кезінде ол тек тауда емес, Непал ауылдарында да домбыра тартты. Жергілікті тұрғындар ерекше аспапты танып, білуге асықты. Шығу тарихына, үніне және домбырада орындалатын музыкаға қызығушылық артты. Музыканттың айтуынша, мұндай қарапайым кездесулер де Қазақстанды танытуға септігін тигізе алады.
– Менің ойымша, музыканың тілі - әмбебап. Экспедиция кезінде домбыраны тауға алып шығамын, сонымен бірге жолымда кездескен адамдарға күй орындап беремін. Кейде әр жерден, елден жиналған адамдар арасындағы жақындық бір ғана аспаптан басталады, – дейді ол.
Еске салсақ, бұған дейін Әлібек Қайырбек Эльбрусқа көтеріліп, Құрманғазының «Адай» күйін орындады.