Пан Ги Мун: БҰҰ құндылықтарын насихаттауда Н.Манделадан артық ешкім күш жұмсаған жоқ

АСТАНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы журналистерге берген сұхбатында өмірден озған ОАР-дың бұрынғы президенті Нельсон Манделаны «әділеттік, адамгершілік теңдік пен еркіндік үшін аянбай күрескен алып адам» деп бағалап, оның өмірі бүкіл әлем бойынша көптеген адамдарға күш, жігер бергенін атап өтті, деп хабарлады РБК.

«Біздің заманымызда Біріккен Ұлттар Ұйымының құндылықтарын насихаттауда, алға жылжытуда, ілгерілетуде Нельсон Манделадан артық ешкім күш жұмсаған жоқ. Ол егер арманға сеніп, әділдік пен адамгершілік үшін бір жұдырықтай жұмылып жұмыс істесек, әрқайсымымыз бүгінгі әлем үшін не істей алатанымызды көрсетіп кетті», - деді Пан Ги Мун.

Ол әлемде әділдік орнату жолында еңбек етуіміз үшін халықты әр күні Н.Манделаның өмірімен жігерлендіріп отыруға шақырды.

Нельсон Манделаның о дүниеге аттанып кеткені туралы суық хабар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне Руанда мен бұрынғы Югославия елдерінің мәселелерін талқылап жатқанда келді. Отырыс сол жерде тоқтатылып, оған қатысушылар Н.Манделаны бір минут үнсіздікпен еске алды.

Еске сала кетейік, 95 жастағы Н.Мандела бүгін, яғни 6 желтоқсанда Йоханнесбургтегі өз үйінде өмірден өтті.