Пан Ги Мун: Жерорта теңізінде ай сайын 450-ге жуық мигрант ажал құшады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жерорта теңізінде ай сайын Еуропаға бет алған 450-ге жуық мигрант көз жұмады. Бұл жантүршігерлік мәліметті Грекияда өткен баспасөз мәслихаты кезінде БҰҰ-ның Бас хатшысы жария етті, деп хабарлады www.24.kz.

 Пан Ги Мун премьер-министр Алексис Ципраспен кездесіп, Эллада елінің босқындарға көрсетіп отырған көмегін айрықша атап өтті.  

- Экономикалық қиындықтарына қарамастан, Грекия билігі мен халқы мигранттарға қайырымдылық танытып, қаншама адамның өмірін сақтап қалып жатыр. Мемлекет көші-қон дағдарысын өз бетінше шешуге қауқарсыз. Сондықтан оған халықаралық қауымдастық тарапынан үлкен көмек көрсетілуі тиіс. БҰҰ-ның Бас хатшысы:Пан Ги Мун,

БҰҰ Бас хатшысының Грекияға сапары 20 маусымда атап өтілетін Дүниежүзілік босқындар күніне орайластырылып отыр. Осы ретте Пан Ги Мун Эллада елінің президенті және премьер-министрімен кездесуден кейін, Лесбос аралындағы мигранттар лагеріне барып қайтты. Жыл басынан бері мемлекет шекарасын асқан 150 мыңнан астам мигранттың дені дәл осы аралға келген екен.