Панама каналының суы тартылып жатыр

Каналдағы су деңгейі нормадан 1,8 метр төмен. Жаңбырлы қараша жағдайды біршама жақсартты, десе де су күре жолынан бұрын күніне 38 кеме жүзсе, қазіргі кезде небәрі 24 кеме өте алады. Kazinform агенттігі бұл туралы ilcapital.ru-ға сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: РИА Новости

Қуаңшылық кезеңге дейін Панама каналынан әлемдік теңіз саудасы жалпы көлемінің 3%-ы, сондай-ақ Солтүстік-Шығыс Азиядан АҚШ-қа контейнерлік тасымалдардың 46%-ы өтетін.

Құрғақшылық пен жаһандық жылыну салдарынан канал суы тайызданып, оған су келетін Гатун көлі де тым тез сарқылып барады.

Панама каналындағы су деңгейінің төмендігі мәселесін шешуге болады, бірақ оны Индио өзенінде бөгет салу, сонымен қатар Гатун көлін сумен толтыру үшін арнайы туннель бұрғылау арқылы ғана шешуге болады. Ол үшін біраз жылдар қажет.

«Сонымен қатар техникалық қиындықтардан басқа, саяси және әлеуметтік мәселелер туындайды: жерлерін су басатын мыңдаған фермерлер мен ранчо иелері бұған қарсы тұру үшін бірігіп жатыр», — деп жазады Bloomberg.