Панамада денге безгегінен алты адам қаза тапты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жыл басынан бері Панамада денге безгегін жұқтыру салдарынан алты адам қаза тапқан. Бұл туралы осы елдің билік өкілдері хабарлаған, деп жазады ИТАР-ТАСС.

Елде қазір аса қауіпті аурумен шұғыл күресу шаралары қолға алынып жатыр. Панама Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Алекс Гонсалес хабарлағандай, қайтыс болған төрт адам республика астанасының тұрғындары болып шықты. Оның айтуынша, бұл елде өткен жылы безгек дертін 3 мыңнан аса адам жұқтырған, олардың бесеуі ажал құшқан.

Елдің санитарлық сала өкілдері денге індетінің жайылып бара жатқанын жариялап, қауіпті аурумен күресу шараларын қолға алды. Аймақтарда осы дертті тарататын маса түрін жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Аталмыш сырқатпен науқастанған аурулар санының күрт өсуі Орталық Америка мен Мексика елдерінде байқалған. Бұл мемлекеттердің билігі де қауіпті вируспен күресу жоспарларын жүзеге асыруда, олардың көбісінде осы дертке қатысты «санитарлық дабыл» жарияланған.