«Елдегі пандемиялық жағдайлар және карантин енгізілуіне байланысты қосымша шаралар қабылданды. Елордада 2 АЕК көлемінде азық-түлік және тұрмыстық заттар түрінде 209 мың отбасыға 3 рет мемлекеттік қолдау көмегі көрсетілді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Бір біргеміз» акциясы аясында «Nur Otan» партиясы мұқтаж жандарға 50 мың теңгеден қаржылай көмек көрсетті», - деді Сәуле Нұрғожина Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының отырысында жасаған баяндамасында.
Оның айтуынша, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандардың тізімі құзырлы органдармен бірлесіп жасақталды.
«Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған бизнес өкілдері мен өзін-өзі қамтамасыз етуші азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында 2 рет 42 500 теңге төлемақы жасалды. Жыл басынан бері 663 70 жұмыс берушінің өтініші қаралды. Сол секілді 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) алудың жаңа формасы енгізілді, елордада АӘК-ті 4062 отбасы немесе 18,6 мың адам алады», - дейді ол.
Басқарма басшысының сөзіне сенсек, өткен жылмен салыстырғанда биыл Нұр-Сұлтанда АӘК алатын отбасы саны 2,5 есеге азайған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, келесі жылы Нұр-Сұлтан қаласында барлық мемлекеттік қызметтер электронды түрге көшетін болады.