Панфилов дивизиясының соңғы көзі тірі жауынгері: Ел басшылығы бізге үнемі қолдау көрсетіп келеді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі берген статистикаға сүйенсек, бүгінде елімізде 2 млн 236 мың қарт жан (зейнет жасындағы) бар. Ведомствоның мәліметінше, биыл жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қарт адамдарды әлеуметтік қолдауға 11,9 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды (оның ішінде жергілікті бюджеттен – 11,5 млрд теңге, тартылған қаражат есебінен – 0,5 млрд теңге).
Одан бөлек, бүгін елімізде қарттар күніне орай айлық басталды. Оның аясында, барлық өңірлерде аға буын өкілдерін әлеуметтік қолдауға бағытталған іс-шаралар, еңбек ұжымдарымен кездесу, емханаларда «Ашық есік» күндерін ұйымдастыру тағы сол сияқты шаралар өткізіледі.
Қарттар күніне орай, Алматыда тұратын, 100 жастағы, әйгілі 316-шы Панфилов дивизиясының көзі тірі соңғы жауынгері, Ұлы Отан соғысының ардагері Қайырлы Жонқабаевпен кездесіп, әңгімеге тартқан едік, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қайырлы Уатайұлы 1921 жылы 10 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келген.
«Бала кезімізде ата-анамыз қиыншылыққа қарамай, бізді асырап, өсіріп, ер жеткізді. Біз 7 ағайынды болдық. Бірақ, қиыншылық кездері 5-бала қайтыс болып, тек екеуміз аман қалдық. Менен кейінгі інім 90-жасқа жетіп, ол да көз жұмды»,- дейді ақсақал.
Майдангер еңбек жолын 1940 жылы ШҚО Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған. 1941 жылы қазан айында Панфилов дивизиясының 23-ші гвардиялық полкіне Қызыл Әскер жауынгері болып алынады.
«Мен 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамында пулеметші болдым. 9-шы ротада атақты Мәлік Ғабдуллинмен бірге болдым. Ол кісі замполит болды. Командир жоқ кезде, бізге командир болды. Ол Кеңес Одағының Батыры атағын алған біртуар тұлға»,-дейді мвйдангер.
Ақсақалдың айтуынша, әйгілі 316-шы Панфилов дивизиясы соғыста көзге түсіп, ұрысқан соң, оны 8-гвардиялық атқыштар дивизиясы болып ауыстырады.
«8-гвардиялық атқыштар дивизиясында көп ерлік жасап, «Батыр» атағын алған жігіттер көп болды. Барлығы жаумен аянбай соғысты. Қолбасшы Панфилов марқұм болған соң, оның орнына басқа генералдар келді. Қазір олардың есімдерін ұмытып отырмын»,- дейді ол.
Майдангер соғыста болған қорқыныш сезімін жасырған жоқ.
«Соғыста қорқыныш болады ғой. Жанындағы жолдасың өліп жатады. Мен бірінші рет соғысқа кіргенде «Дегтярев» деген пулеметтің №2-ші атқышы болдым. Қасымдағы №1-ші атқышқа оқ тиіп, көз алдымда жан тапсырды. Ол солдатсыз маған қиын болды. Бірақ, қарап отыруға болмайды. Ары қарай жаумен соғысуға кірістім.
Айта берсе, небір қиыншылықтар болды. Келесі күні шабуыл кезінде жерлесім шейіт кетті. Бір жұма ішінде екі жолдасымнан айырылдым»,- деді ардагер.
Қайырлы Уатайұлы, Беларусь, Польша, Эстонияны азат етуге қатысқан. 1943 жылы ақпанда Ржевтегі қанды майданда ауыр жараланған, ал жеңісті Дрезденде қарсы алды. Жеңіс күніндегі қуанышы туралы былай дейді.
«Жеңіс күні келгенде қуанышымыз қойнымызға сыйған жоқ. Майдандас, дос жауынгерлер бірімізді біріміз аспанға көтеріп, мәре-сәре болдық. Ол кезде жалғыз біз емес, бүкіл ел қуанды ғой. Ол үлкен қуаныш болды».
Ақсақал Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», және ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальдарымен және басқа да көптеген медальдармен марапатталған.
Соғыстан кейін Самар аудандық атқару комитетінде бөлім меңгерушісі болды. Әрі қарай аудандық тұтынушылар одағының жүйесінде басшылық лауазымдарында нңбек еткен. 1970 - 1983 ж.ж. Алматыдағы қоғамдық тамақтандыру жүйесінде шаруашылық есептерінің директоры болды. 1983 жылы құрмет демалысқа шықты, бес бала тәрбиелеп өсірді.
Бүгінде 5 бала, 10 немере, 14 шөберенің қызығын көріп отырған абыз кеуде ақсақал.
«Қазір қызым Мәнсияның қолында тұрып жатырмын. Ол менің барлық жағдайымды жасайды. Ұрпақтарым тілімді алады. Мені күтеді. Осылайша, міне, 100-ге де келіп қалдық»,- дейді ақсақал.
Сөз соңында 100 жастағы ардагер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысын білдірді.
«Еліміздің Президетіне рахмет. Пандемиядан аман болыңыздар. Қазақстанның қорғаны мығым болсын. Елімізде тек тыныштық, болашағы жарқын, болып, қазіргі аты жаман індеттің беті қайтып, тек жақсы күндер көп болсын»,- деп батасын берді қарт майдангер.