Панфиловшылар батырлары шыңынан альпинист тікұшақпен эвакуацияланды

АСТАНА.KAZINFORM - ТЖМ тікұшағы 4 мың метрден астам биіктіктен альпинистті эвакуациялады.

Фото: видеодан алынған скрин

Панфиловшылар батырлары шыңына (4120 м) ұйымдастырылған жаппай альпиниада барысында 2008 жылы туған қатысушылардың бірінің жағдайы нашарлаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шегушіге жедел тау ауруы мен өкпе ісінуі диагнозы қойылған.

Іс-шара барысында қауіпсіздікті қамтамасыз еткен Алматы қаласы ТЖД Құтқару қызметі құтқарушылары зардап шеккен азаматқа жедел түрде алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетіп, оны Мәншүк Мәметова атындағы №6 мореналық көл аумағына дейін түсірді. Одан әрі құтқару жұмыстарын жүргізу және зардап шегушіні шұғыл эвакуациялау үшін ТЖМ «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы жұмылдырылды.

Құтқару бөлімшелерінің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде зардап шегуші «Медеу» тікұшақ алаңына жеткізілді. Одан кейін Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері оны әрі қарай тексеру және емдеу үшін №12 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізді.

Зардап шегушінің жағдайы орташа ауырлықта деп бағаланып отыр, есі анық.

Эвакуациялық операция сәтті аяқталды.