Папа Францисктен кейінгі тақ иесі қашан анықталады

Фото: Фото: nypost.com

ВАТИКАН. KAZINFORM – Рим Папасын сайлауға арналған кардиналдар жиналысы – конклав 5 мамырда өтуі мүмкін. Бұл туралы ТАСС агенттігі жазды.

Қасиетті Тақтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, кардиналдар конгрегациясының сәрсенбі күнгі отырысында понтифик қайтыс болғаннан кейінгі тоғыз күндік қаралы кезең – 26 сәуірде өтетін жерлеу рәсімінен бастап, 4 мамырда аяқталатыны белгілі болды.

Қазіргі таңда Апостол тағынан босаған кезеңге байланысты ұйымдастырылған конгрегация жұмысына 103 кардинал қатысуда. Ватикан алдағы күндері басқа да шіркеу иерархтарының келуін күтіп отыр. 

Кардиналдар коллегиясының жалпы саны – 252, оның ішінде 135 кардинал ғана конклавқа қатысып, дауыс бере алады. Бұл – 80 жасқа толмаған, дауыс беру құқығы бар дінбасылар. Әрқайсысы жаңа Папа болуға үміткер ретінде қарастырылады. Дәстүрге сай, конклав Ватикандағы Сикстин капелласында өтеді. Күніне төрт дауыс беру кезеңі ұйымдастырылады. Жаңа понтификті сайлау үшін кардиналдардың үштен екісі оған дауыс беруі қажет.

Рим Папасы Франциск 21 сәуір күні 89 жасында көз жұмды.

Ол 2013 жылдан бастап Рим-католик шіркеуін басқарған. Қоштасу рәсімі Әулие Петр соборында өтіп жатыр. Франциск өзінің өсиеті бойынша Санта-Мария-Маджоре базиликасында жерленбек. Папаның туған елі – Аргентинада оның құрметіне бір апталық қаралы кезең жарияланды.

Бұған дейін Рим Папасын жерлеу рәсіміне әлемдік көшбасшылардан кімдер қатысатынын жаздық.