ОРАЛ. ҚазАқпарат - 14 желтоқсан күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюро БҚО бойынша департаментінің қызметкерлері пара алғаны үшін БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Т.Шаяхметов пен осы басқарманың бөлім басшысы А.Ишановты ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 366-бабы 3-бөлімі 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Қазіргі кезде қажетті тергеу амалдары жүргізілуде.
Сотқа дейінгі тергеу барысы облыс прокуратурасының бақылауына алынды.
Айта кетейік, Тимур Шаяхметов аталған қызметке биылғы 3 тамызда тағайындалған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).